WSEC-2017 инженерлер мен ғалымдардың дүниежүзілік конгресі басталды

2191

WSEC-2017 инженерлер мен ғалымдардың дүниежүзілік конгресі басталды

Ел ордасы Астанада инженерлер мен ғалымдардың дүниежүзілік конгресі басталды, деп хабарлайды khabar.kz.

ЕХРО көрмесі аясында өтетін 2 күндік шараға әлемнің 50 елінен шетелдік 300 ғалым Астанаға арнайы ат басын бұрып отыр. Танымал тұлғалар қатарында Нобель сыйлығының лауреттары да бар.

WSEC – инженерлер мен ғалымдардың дүниежүзілік конгресі. Яғни қазіргі ғылым саласындағы кіл мықтылар бас қосатын жиын. Ал конгрестің биылғы тақырыбы – Болашақтың энергиясы: инновациялық сценарийлер мен оны іске асырудың тəсілдері. Мұндай тақырыптың таңдалуы бекер емес. Өйткені конгресс EXPO көрмесі аясында өткелі отыр.

Басқосуда энергетика саласындағы ең үздік жетістіктер мен заманауи бағыттар талқыланатын болады. Тараптар электр қуатын өндіруде қоршаған ортаға кері әсерін тигізбейтін тың технологияларға басымдық бермек.

Айтып өткеніміздей, конгресс EXPO көрмесі аясында жоспарланған ең ауқымды шаралардың бірі саналады. Халықаралық көрмеде көрсетілетін инновациялық туындылар мен заманауи ғылым өкілдерінің бір жерде тоғысуы синергетикалық нəтиже берері сөзсіз. Айта кетейік, бұл конгресс Орталық Азия елдері арасында алғаш рет өткелі тұр. Төрткүл дүниенің төрт бұрышындағы 50-ден астам елден бір мың қатысушы Астанаға келді. Олардың дені шетелдік ғалымдар екенін атап өткен жөн. Мәртебелі меймандар қатарында Нобель сыйлығының төрт лауреаты, "Жаһандық энергия" халықаралық сыйлығының сегіз лауреаты, танымал қазақстандық және шетелдік экологтар, сарапшылар бар. Бұл ретте Куба ғылым академиясының вице-президенті Фидель Кастро Диас-Баларт қазірдің өзінен Конгресс жұмысына үлкен сенім артып отырғанын ұйымдастырушылардан естідік. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу