Американдық миллиардер және кәсіпкер Илон Маск оны 2022 жылдың қазан айында сатып алғаннан бері, X әлеуметтік желісі (бұрынғы твиттер) құнының 71%-нан астамын жоғалтты. Бұл туралы inbusiness.kz сайты Business Insider басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Fifelity компаниясының мәлімдеуінше, X компаниясы қазір Маск сатып алған кездегіден 71,5%-ға арзан. Маск сол кезде "Twitter" деп аталатын компанияны сатып алу үшін 44 миллиард доллар төледі.
Сондай-ақ, Fidelity компаниясының өкілі басылымға компания "жеке компанияларға немесе өз қорларының инвестициялық шешімдеріне түсініктеме бермейтінін" айтып өтті. Инвестициялық қорлардың алыбы X-тің үлесіне ие, бірақ Маск компанияны сатып алғаннан кейін оның құнын айтарлықтай арзандатты.
"Мамыр айында Fidelity X-ті небәрі 15 миллиард долларға бағалады,бұл Маск төлеген соманың үштен бірін құрайды", - деп хабарлады Bloomberg.
Бұдан басқа, шілде айында Маск X хабарламасында компания жарнамасының үлкен құлдырауына байланысты қаржылық жағдайы ауыр екенін ескертті.
"Бізде жарнамадан түсетін кірістің 50%-ға төмендеуіне және үлкен қарыз жүктемесіне байланысты әлі де теріс ақша ағыны бар", - деп түсіндірді Маск өзінің жазбасында.