Көпшілік көрерменге танымал оқушылар арасындағы "XXI ғасыр көшбасшысы" интеллектуалдық ойыны телеэкранға жаңа форматта қайта шығады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Хабар" агенттігі мен Оқу-ағарту министрлігінің "Дарын" РҒПО бірлесіп, мегажобаны қайта жаңғыртуға кірісті. Жоба көктемнен бастап "Хабар" телеарнасының эфирінен көрсетіле бастайды.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, аталмыш жоба – еліміздің болашақ көшбасшыларын тәрбиелеуге бағытталған жастар қозғалысы. Қазірдің өзінде жүздеген дарынды оқушы шақыруды қабылдап, қызықты интеллектуалдық ойынның қатысушыларына айналды. Әр облыстағы іріктеу кезеңдері 2024 жылдың қазан айында басталып, 2025 жылдың ақпан айына дейін жалғасады.
Өңірлерден іріктелген ең үздік бес оқушы республикалық кезеңге қатысуға мүмкіндік алады, ол осы жылдың наурызынан бастап, маусым айына дейін өтеді.
Жас дарындардың білімі мен қабілетін жалпы бұқараға көрсетуге мүмкіндік беретін телевизиялық жоба "Хабар" Агенттігінің 30 жылдығына орай өткізіліп отыр.
Қазірдің өзінде Павлодар, Қарағанды, Абай, Ақмола, Түркістан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ұлытау, Қызылорда, Атырау және Маңғыстау облыстарынан, сондай-ақ Астана және Шымкент қалаларынан республикалық турға қатысатын үздік бестіктер анықталды. Алматы, Ақтөбе, Жетісу, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында және Алматы қаласында іріктеу кезеңдері қаңтар-ақпан айларында өтеді.
"XXI ғасыр көшбасшысы" – жас дарындарға жаңа мүмкіндіктер беретін бірегей алаң. Интеллектуалдық ойын білімді әрі талантты жастарды қоғамға таныстырып қана қоймай, шалғай елді мекендерден шыққан дарынды жасөспірімдер үшін үлкен әлеуметтік лифт болатынына сенім бар.
Тележоба алғаш рет 25 жыл бұрын ұсынылған. Осы уақыт ішінде ол отандық телевизиядағы үздік жобалардың бірі ретінде танылды. Бүгінде осы жобаға қатысқан көптеген жастар өз жолдарын тауып, өнер мен мәдениеттен бастап қоғамдық қызмет пен бизнеске дейін түрлі салада кәсіби мамандар ретінде танылды.