2018 жылғы Пхенчхан қысқы Олимпиада ойындары алауы Грекияда жағылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Олимпиада ойындары алауын жағу шарасы жергілікті уақыт бойынша сағат 12-де Грекия ежелгі олимпиада стадионында өткізілді. Салтанатты шараға халықаралық олимпиадалық комитеттің президенті Томас Бах, Грекия олимпиада комитетінің төрағасы және Корея Республикасының премьер-министрі Ли Нагён қатысты. Герекияда өткен дәстүрлі шаралардан соң олимпиадалық ойынның эстафетасы аталған аймақта 31 қазанға дейін жалғасады.
Алғашқы алауды ұстаған грекиялық шаңғымен сырғанаушы - Апостолос Ангелис. Олимпиада алауының Корея Республикасындағы алғашқы эстафетасы Инчхон қаласында 1 қараша күні басталатын болады.
Алауды алғашқы болып даңқты футболшы Пак Чи Сон алып жүреді деп жоспарланған.
Айта кетейік, 108 күнге жалғасқан эстафетадан кейін, XXIII қысқы Олимпиада ойындары алауы 2018 жылы 9 ақпан күні Пхенчхан қаласында тұтанады. Қысқы Олимпиада ойындары 25 ақпанға дейін жалғасады.