Алматыда Рим Олимпиадасының күміс жүлдегері Ғұсман Қосановты еске түсіруге арналған дәстүрлі XXVIII Мемориалда 800 метрге жүгіруден ерлер арасында Владислав Григорьев, әйелдер арасында Маргарита Мұқашева топ жарды, деп хабарлайды olympic.kz.
800 метрге жүгіруден екі дүркін жазғы Азия ойындарының чемпионы Маргарита Мұқашева декреттік демалысқа байланысты Рио Олимпиадасының кейін спорттан уақытша алыстап қалғанын бұған дейін жазғанбыз. Бүгін араға 2 жыл салып, Қосанов Мемориалында қайта жеңіске жетіп отыр. Солтүстік Қазақстан тумасы аталған қашықтықты 2:06.02 минутта жүгіріп өтті. Екінші орынға қарағандылық Варвара Лисичкина ие болса, үштікте керекулік Евгения Фандющина бар.
Сондай-ақ, үш қарғып секіруден Ирина Эктова өзіндік рекорд орнатты. Тәжірибелі атлет үш қарғып секіруден 14.07 метрге секіріп, чемпион атанды. Ирина көптен бері 14 метрден аса алмай жүрген. Мысалы, былтырғы үздік көрсеткіші 13.77 метр болған. Ал жеке рекорды 2011 жылы тіркелген (14.48 метр).
Бүгін, жалпы, әйелдер арасындағы үш қарғып секіру сайысына 5 атлет қатысты. Эктова жарысты 13.60 метрмен бастады. Солтүстік Қазақстан спортшы 13.36, 14.07 және 13.90 метрлерге секірді. Екінші орын алған теміртаулық Мария Овчинникова 13.12 метрмен шектелді. Оның үстіне Мария алты мүмкіндігінің тек екеуін тиімді пайдаланды.Үштікте өзбекстандық Ирина Белова бар.
Желаяқ Михаил Литвин де мамандар артқан сенімді ақтады. Ол 34 жылдан бері бұзылмаған Қазақстан рекордын жаңарты. 22 жастағы атлет 400 метрді 45.50 секундта жүгіріп өтті.
Литвин алғашқы метрден қарқынын үдетіп, қарсыластарынан оқ бойы озып шықты. Соңғы сәтке дейін жылдамдығын бәсеңдетпеген спортшы мәреге жеткенде 34 жыл бойы жаңармаған Қазақстан рекордына өзгеріс енгізді.
Бұған дейінгі Қазақстан рекорды Александр Курочкинге тиесілі. Ол 1984 жылы аталған қашықтықты 45.52 секундта жүгіріп өткен. Ал Михаилдың бұған дейінгі жеке рекорды 46.08 секунд болған. Қосанов Мемориалында ол 2015 жылғы жеке рекордын бірден 0,58 секундқа жаңартты.