Ядролық физика институтында 166 қызметкер мен маманға арналған жаңа жеті қабатты жатақхана пайдалануға берілді. Бұл – Тәуелсіздік жылдарында ғылыми-зерттеу ұйымы үшін арнайы салынған бірегей тұрғын үй нысаны, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев және Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев қатысты.
Ғимараттың жалпы аумағы 5082 шаршы метр. Жоба жас ғалымдар мен мамандарға қолайлы тұрмыс жағдайын жасауға, кадрлық әлеуетті нығайтуға және Қазақстанның ядролық кластерін қалыптастыру аясында ғылыми бастамаларды дамытуға бағытталған.
Жатақхана заманауи талаптарға сай салынған және тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қажетті барлық жағдаймен қамтамасыз етілген. Жартылай жертөле қабатында жаттығу залы, кір жуу бөлмесі және қызметтік үй-жайлар орналасқан. Бірінші қабатта кең вестибюль мен қабылдау аймағы, коворкинг кеңістігі, арнайы келіссөздер залы және 50 орынға арналған асхана қарастырылған. Әрбір тұрғын бөлме душ кабинасы бар жеке санитарлық тораппен жабдықталған, бұл тұрмыстық қолайлылық пен жеке кеңістіктің жоғары деңгейін қамтамасыз етеді.
Ғимаратты жобалау барысында ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін қолжетімді орта талаптары да ескерілген.
Агенттік төрағасы заманауи әлеуметтік инфрақұрылымды қалыптастыру ғылымды дамытудың стратегиялық инвестициясы екенін атап өтті.
– Қолайлы әлеуметтік орта – мықты ғылыми мектептің негізі. Осындай жағдайда тұрақты ұжымдар қалыптасады, талантты жастар тартылады және отандық атом саласының болашағын айқындайтын ауқымды жобалар жүзеге асырылады, – деді Алмасадам Сәтқалиев.
Институттың бас директоры Саябек Сахиев жатақхананың пайдалануға берілуі инфрақұрылымды жаңғырту және ядролық медицина, радиациялық технологиялар мен іргелі зерттеулер бағыттарын дамыту жөніндегі жүйелі жұмыстың маңызды кезеңі екенін атап өтті.
Жаңа жатақхананың пайдалануға берілуі Институттың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам болды. Жоба жас ғалымдар мен мамандар үшін орнықты кәсіби орта қалыптастырып, кадрлық әлеуетті нығайтуға және Қазақстанның атом саласының стратегиялық міндеттерін іске асыруға бағытталған заманауи ғылыми экожүйені қалыптастыруға серпін береді.