Яна Легкодимованы өлтіру ісі: апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды

113

Сот отырысында Ризуан Қайыржановтың адвокаты мен әкесі өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын белгілі бір мерзімге ауыстыруды сұрады.   

Яна Легкодимованы өлтіру ісі: апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды Фото: Kazinform

Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Яна Легкодимованың өліміне қатысты іс бойынша сотталған Ризуан Қайыржанов пен Алтынбек Катимовтың апелляциялық шағымын қанағаттандырмай, бұрын шығарылған үкімді күшінде қалдырды, деп жазады inbusiness.kz сайты Kazinform агенттігіне сілтеме жасап. 

Қорғау тарапы айыпталушы тарапынан алдын ала нақты жоспар болмағанын, ал жәбірленушінің өз еркімен пәтерге барғанын алға тартты. Сондай-ақ хабарламаларда мәйітті жасыру орны нақты көрсетілмегенін айтып, істегі бірқатар тұжырымдарды қайта қарауды өтінді.

Ал Алтынбек Катимовтың қорғаушылары "кісі өлтіруді жалдау" бабы бойынша тағылған айыптың дәлелсіз екенін мәлімдеп, ақша төленгенін растайтын нақты айғақтар жоқ деп есептейтінін жеткізді.

Алайда жәбірленуші тараптың адвокаты Самат Әуов сотта 2024 жылғы 8 қазаннан бастап айыпталушылар арасында қылмысты жүзеге асырудың түрлі тәсілдері талқыланған хат алмасулар зерттелгенін айтты. Оның сөзінше, жазбаларда кісі өлтірудің 20-дан астам нұсқасы сөз болған. Сондай-ақ хабарламаларда белгілі бір ақшаға адам өлтіру жөнінде әңгіме жүргені көрсетілген.

Сотта марқұмның анасы Галина Легкодимова да сөз алып, тергеу мен алғашқы іздестіру шараларына қатысты бірқатар сұрақтың жауапсыз қалғанын жеткізді. Ол қызының жоғалғаннан кейінгі алғашқы күндердегі әрекеттерге наразылығын білдіріп, бұл қасіреттің отбасы үшін орны толмас ауыр соққы болғанын айтты.

Сот алқасының төрағасы Тәтті Уалиева апелляциялық шағымдарда келтірілген уәждердің сотта зерттелген дәлелдермен теріске шығарылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, жедел-іздестіру материалдары екі сотталушының қылмыс жасалған сәтте де, одан кейін де бірге болғанын растаған. Бұл олардың әрекеттерінің өзара келісілгенін көрсетеді.

Сот алқасы қылмысқа мұқият дайындық жасалғанын, кісі өлтірудің бірнеше тәсілі алдын ала талқыланғанын және қылмыстан кейінгі әрекеттердің салқынқанды сипатта болғанын атап өтті. Осыған байланысты сотталғандардың қоғамға қауіптілік деңгейі жоғары деп танылып, жаза өзгеріссіз қалдырылды.

Айта кетейік, Яна Легкодимова 2024 жылғы 18 қазанда үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу