Енді Яндекс Такси бағаны негізсіз көтере алмайды

328

Яндекс Такси компаниясына аудит жүргізген Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі осындай талап қойды.  

Енді Яндекс Такси бағаны негізсіз көтере алмайды Фото: habr.com

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, саланың құзыретті мамандарын тарта отырып, Яндекс Такси компаниясының алгоритмдік баға қалыптастыру тиімділігіне аудит жүргізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Аудиттен өту міндеті Яндекс Таксиге монополияға қарсы комплаенс аясында жүктелген болатын.

Тексерістің мақсаты – Яндекс cервисін, оның ішінде такси қызметтерінің бағасына әсер ететін шарттар мен параметрлерді зерделеу болды.

Атап айтқанда, жүйенің архитектурасы, баға қалыптастырудың базалық және динамикалық компоненттері зерттелді, сонымен бірге әуежай аймақтары мен қаланың орталығынан алыс аудандардағы ерекшеліктер, сондай-ақ операциялық процестер қарастырылды.

"Аудиттің бастапқы қорытындылары бойынша баға белгілеу жүйесінде бірқатар тәуекелдер анықталды. Кейбір тәуекелдер жойылды, ал қалғандары бойынша Яндекс оларды жою жөнінде міндеттемелер қабылдады. Осылайша, Агенттіктің хабарламасы негізінде пайдаланушыларға арналған адалдық бағдарламасының ережелері (Яндекс+ бағдарламасы) өзгертілді, нәтижесінде Яндекс осы бағдарлама бойынша барлық шығындарды (жолаушыларға ұсынылатын жеңілдіктерді) толық өз мойнына алды", – делінген монополия өкілдері таратқан хабарламада. 

Яндекс қолданыстағы комплаенс жүйесіне мынадай өзгерістер енгізді:

  1. такси тарифтерінің және жол жүрудің базалық құнының қымбаттайтыны туралы Агенттікке 3 күн бұрын хабарлау;
  2. әуежай маңындағы кейбір тұрғын аймақтарды әуежай тарифтік аймағынан алып тастау (1 апта ішінде);
  3. жол жүрудің базалық құнынан екі есе асатын сомадан комиссия ұстамау (бұл жүргізушілердің табысын арттыруға ықпал етеді);
  4. "Эконом" тарифіндегі комиссияны әр қалада екі жылда бір реттен жиі көтермеу (аталған тариф ең сұранысқа ие тариф болып табылады);
  5. максималды сұраныс жағдайында тарифті үш еседен артық көтеруді шектеу (мысалы, ауа райы қолайсыз күндері немесе мереке күндері, мұндай сапарлар әр тоқсанда әр қалада барлық сапарлардың 5%-ынан аспауы керек, бұл талап нақты көрсетілген);
  6. сұранысы төмен аймақтар үшін тариф құрамындағы қосымша төлем компонентін пайдаланушы қосымшасында түсінікті көрсету;
  7.  2025 жылдың 30 маусымынан кешіктірмей пайдаланушыларға сапар бағасының толық құрылымын қосымшада көрсету;
  8. техникалық қолдау сапасын арттыру, атап айтқанда, пайдаланушылардың өтініштерін өңдеу алгоритмін оңтайландыру.

Бұдан бөлек, Яндекс Такси пайдаланушыларды такси қызметтеріне сұраныс деңгейі туралы хабардар ету шараларын жетілдірмек.

Атап айтқанда, "Эконом" тарифінде сұраныс өте жоғары болған кезде (мысалы, ауа райының қолайсыздығы кезінде) сынақ режимінде виртуалды кезек жүйесі енгізіледі.

Бұл жүйе арқылы пайдаланушы қанша адамның такси күтіп тұрғанын көре алады және таңдау жасай алады: кезекке тұру, басқа тарифті таңдау немесе қоғамдық көлікпен жүру.

"Яндекс Такси антимонополиялық комплаенс аясындағы міндеттемелерінің орындалуы Агенттік жанындағы арнайы мониторингтік топтың бақылауында. Оның құрамына кәсіби қауымдастықтардың сарапшылары (бастамашыл топтардың, Көлік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Әділет, Цифрлық даму және инновациялар министрліктерінің, сондай-ақ таксопарктер қауымдастығының өкілдері) кіреді", – делінген агенттік хабарламасында

Үкіметке жеке кәсіпкерлер үшін арнайы салық режимі бойынша салықтық есептілікті жеңілдетуге қатысты заңнамалық түзетулерді жедел енгізу жөнінде ұсыныс жолданды. Бұл өзгеріс такси жүргізушілерінің табысын арттыруға ықпал етпек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу