Қазақстанда "Яндекс" сервистерінің жұмысында ақау болғанымен, пайдаланушылардың жеке деректерін сақтайтын серверлер штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Министрлік өкілдері азаматтардың жеке деректерін сақтауға арналған серверлер ел аумағында орналасқанын атап өтті.
"Алайда бұл бүкіл платформаның толықтай Қазақстанда жұмыс істейтінін білдірмейді. Такси шақыру және жеткізу қызметтеріне қажетті кейбір компоненттер шетелде орналасқан. Деректерді Қазақстан аумағында сақтау мен цифрлық платформалардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету – кешенді шешімді қажет ететін екі бөлек міндет", – делінген ведомство хабарламасында.
Министрлік қазіргі уақытта "Яндекс" компаниясы сервистердің жұмысын қалпына келтіру шараларын жүргізіп жатқанын растады. Ведомство компаниямен және Қазақстанның инфрақұрылымдық ұйымдарымен қажетті қолдау көрсету мәселелері бойынша байланыс орнатқан.
Сонымен қатар жүктеменің артуы жағдайында такси шақыру және жеткізу қызметтерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін басқа платформалармен де жұмыс жүргізіліп жатыр.
Қазақстанда "Яндекс" сервистерінің жұмысы бұзылып, пайдаланушылар такси шақыру және тамаққа тапсырыс беру кезінде қиындықтарға тап болғаны хабарланды. "Яндекс Go" баспасөз қызметі олардың уақытша қолжетімсіз болуы мүмкін екенін растады.