Енді Яндекс-Такси, Glovo және басқалары жұмысшыларға зейнетақы төлейтін болады

680

Шілдеде онлайн платформада істейтіндерге қатысты пилоттық жоба іске қосылады. Адамдар медициналық және әлеуметтік сақтандыру жүйелері, сонлай-ақ зейнетақымен қамтылуы тиіс, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Енді Яндекс-Такси, Glovo және басқалары жұмысшыларға зейнетақы төлейтін болады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Қазақстанда жұмыс істейтін ірі онлайн-платформалардың жетекшілерімен кездесті. Атап айтсақ, "Naimi.kz" ЖШС бас директоры Ерлан Есімсеитов, "Quick Work Kazakhstan CEO" бас директоры Арина Пирогова, "Яндекс.Такси" ЖШС басқарушы директоры Тайыр Байдүйсенов, "Яндекс.кз/Uber" ЖШС мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі кеңесшісі Қазыбек Кужимов, Kolesa group (kolesa.kz, krisha.kz,  market.kz) басқарушы директоры Мира Кудеринова, "Glovo.kz" ЖШС аймақтық менеджері Тарас Шевченко, "Chocofood" ЖШС бас директоры Айгерім Баймұратова, "Aviata", "Chocotravel" ЖШС операциялық директоры Елена Ксенз, "Wolt Technologies Kazakhstan" ЖШС аймақтық директоры Наталья Кхизанишвилимен жүздесті.

Тамара Дүйсенова платформалық жұмыспен қамтудың Қазақстан нарығындағы жаңа үрдіс екенін, бүгінде бұл азаматтарымыз үшін табыс көзіне айналғанын атап өтті. Сонымен қатар министр фрилансерлер (тәуелсіз жұмысшылар) деп аталатын ресми бекітілген мәртебенің және онлайн-платформалар арқылы жұмыс істейтін азаматтарға әлеуметтік кепілдіктер беруді реттеу тетіктерінің болмауы тартылған халық үшін, әсіресе, платформалық жұмыс олардың негізгі және жалғыз табыс көзі болып табылатын жағдайда белгілі бір қатерге ұшырайтынын атап өтті.

Қатер, ең алдымен, қызметкерлерге әлеуметтік төлемдер алуға құқық беретін тапсырыс беруші жасайтын әлеуметтік аударымдар болмаған кезде, мысалы, жұмыспен қамтылған адам уақытша еңбекке жарамсыз болған немесе жұмысы мен табысынан айырылған жағдайда туындайды.

"Біздің міндетіміз, платформалық жұмыспен қамтуды одан әрі дамытуға қосымша кедергі келтірмей және шектемей, азаматтарымыздың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету. Біз тәуелсіз қызметкерлерді тіркеу нысанын бірлесіп айқындауымыз керек. Әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде олар әлеуметтік қолдаусыз қалмауы өте маңызды. Олар медициналық және әлеуметтік сақтандыру жүйелерімен, сондай-ақ зейнетақымен қамтылуы тиіс", – деді Тамара Дүйсенова.

Жұмыспен қамтудың икемді түрлерінің жаңа түрлерін заңнамалық бекіту тәсілдерін талқылай отырып, кездесуге қатысушылар тәуелсіз қызметкерлерді тіркеудің барынша қолжетімді және ыңғайлы рәсімін жасау және жеңілдетілген схема бойынша әлеуметтік төлемдердің ашықтығын қамтамасыз ету қажеттігі туралы ұсыныс білдірді. Сондай-ақ жобаны пилоттық режимде іске асыру бастамасы туралы айтты.

Кездесуді қорытындылай келе, Тамара Дүйсенова қатысушыларға алғыс білдіріп, заң жобасын пысықтау кезінде олардың ұсыныстарын ескеретінін, пилоттық жоба осы жылғы шілде айында іске қосылатынын айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу