"Яндекс.Такси" қосымшасындағы жолаушылар дерегі қорғала ма?

694

Қазақстан аумағында жұмыс істейтін "Яндекс.Такси" қосымшасында қазақстандықтардың дербес деректері енгізілген.

"Яндекс.Такси" қосымшасындағы жолаушылар дерегі қорғала ма?

Штаб квартирасы Мәскеуде орналасқан компанияның қазақстандық тұтынушылар үшін қаншалықты қауіпсіз екендігі белгісіз. Өйткені қосымшаға жолаушының жеке бас деректері мен банк картасы есепшоты тіркеледі.

Осы орайда inbusiness.kz тілшісі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі сауал жолдап, азаматардың цифрлық қауіпсіздігіне қатысты министрліктің жұмыс істеу алғы шартын сұрап көрді.

"Бірінші сұрақ бойынша, "Яндекс.Такси" такси қызметінің қосымшасындағы дербес деректер олар сақталатын мемлекет аумағындағы дербес деректерді қорғау туралы заңнамасының талаптарына сәйкес қорғалатынын хабарлаймыз. Бұл ретте, бүгінгі күні азаматтардың дербес деректеріне қатысты ақпараттық қауіпсіздікке нұқсан келу қаупі бойынша алғышарттар жоқ. "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 22-бабына сәйкес, меншік иесі және (немесе) оператор, сондай-ақ үшінші тұлға дербес деректерді қорғау жөнінде қажетті шаралар қолдануға міндетті", – делінген баспасөз қызметі.

Сонымен бірге меншік иесінің және (немесе) оператордың, сондай-ақ үшінші тұлғаның дербес деректерді қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асыру тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 3 қыркүйектегі №909 қаулысымен айқындалған.

"Яндекс.Такси" қызметіне қатысты қазақстандық азаматтардың жеке деректерінің ұрланған, бұзылған жағдайы тіркелді ме деген тілші сауалына министрлік "қазақстандықтардың дербес деректерінің заңсыз жиналуы және өңделуі фактілері тіркелмегендігін" мәлім етті.

Бұдан бұрын Цифрландыру, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қазақстанда "Яндекс.Такси" қызметін алмастыратын жоба жасау тиімсіз екенін айтқан болатын.

"Естеріңізде болса, Didi такси жобасын іске қосқан болатынбыз. Алайда ол нарықта қала алмады. Қытайда бар ақшаға қарамастан, ол "Яндекс.Такси" қызметімен бәсекелесе алмады. Миллиардтаған доллар қажет. Бұған венчурлық инвесторлар инвестиция салуы қажет", – деп жауап берді министр.

Ая Өміртай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу