Алматы қаласының әкімдігі YE концертінің 14 тамыздан 15 тамызға ауыстырылуына байланысты көрермендердің назарына маңызды ақпаратты ұсынады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Концерт 15 тамызда сағат 21:00-де Орталық стадионда өтеді. 14 тамыздағы концертке сатып алынған барлық билет жарамды болып қалады және 15 тамызда сол билеттермен кіргізіледі.
Концерт алаңына кіру үшін билеттер сканерленеді. Тексеруден өткеннен кейін бұрын берілген білезіктер жаңартылады. Қазір концерт өтетін алаң мен жауапты қызметтер іс-шараны өткізуге толық дайын.
"Көрермендерден маршрутты алдын ала жоспарлап, ықтимал көлік кептелістерін ескеріп, концертке мүмкіндігінше ертерек келуді сұраймыз. Стадионға кіру билетте көрсетілген секторға сәйкес жүзеге асырылады. Кіру схемасымен алдын ала танысып, алаңдағы навигацияны басшылыққа алуды сұраймыз", – делінген хабарламада.
Іс-шара туралы барлық өзекті ақпарат First Media Group және Freedom Афиша арналарында жарияланады.