Оқиға мешіттің ішінде адамдар аз болған сәтте орын алған. Түркиялық БАҚ-тың хабарлауынша, бейнебақылау камераларынан қызыл бас киім мен қара киім киген ер адамның мешітке кіргені анықталған. Металл зат болмағандықтан, ол металл іздегіш құрылғылардан кедергісіз өткен. Кейін қалтасынан қағаз қиындылары табылған.
Алдымен мешіт мұнарасына бет алған күдікті, кенет бағытын өзгертіп, бағандардың бірінің жанына барып, өзімен бірге алып келген қағаздарды өртеген. Кейін оқиға орнын сабырлы түрде тастап кеткен.
Осы сәтте мешітте болған әйел адам күйік иісін байқап, дереу имамға хабар берген. Имам мен мешітке келген басқа азаматтар өртті сөндіріп үлгерген. Кілемнің жанған бөлігін дер кезінде алып тастаудың арқасында жалынның таралуына жол берілмеді.
Полиция мәліметінше, күдікті – Месут Гюлчю есімді азамат. Ол бұған дейін Ыстанбұлдың Бакыркөй ауданындағы психиатриялық емханада ем қабылдаған. Оқиғадан бірнеше сағат өткен соң ұсталып, кейін сот шешімімен қамауға алынды.
Осы оқиғадан кейін Айя София мешітінде қауіпсіздік шаралары күшейтілді.