Ыстамбұлда Қазақстан мен Түркия жастары арасындағы кәсіби байланысты дамытуға бағытталған Kazakhstan-Türkiye Youth Bridge халықаралық жастар жобасы өтіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жобаға қазақстандық жас сәулетшілер мен бейінді оқу орындарының өкілдері қатысуда. Олар түрік сәулет өнерін зерттеп, Осман дәуіріндегі қала құрылысының ерекшеліктері мен қазіргі сәулет өнерінің жаңа бағыттарымен танысады.
Бағдарлама аясында Осман дәуірінің алғашқы және классикалық кезеңдері, Түркия Республикасының қалыптасуы және Ыстамбұл заманауи сәулетінің дамуына арналған дәрістер мен тәжірибелік сабақтар ұйымдастырылған.
Қатысушылар қаланың тарихи-мәдени ескерткіштері мен көрнекті нысандарын аралап, сәулет саласындағы тәжірибелік шеберлік сабағына қатысады. Онда өз жобаларын таныстырады.
Kazakhstan-Türkiye Youth Bridge жобасы 23-29 тамыз аралығында өтеді. Жоба жас мамандарға тәжірибе алмасып, жаңа кәсіби байланыстар орнатуға және екі ел жастары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.