Ыстамбұл полицейлері жаңа жыл түнінде Reina түнгі клубына шабуыл жасаған лаңкес Өзбекстан тумасы екенін анықтады, деп хабарлайды inform.kz.
Daily Sabah басылымының мәлімдеуінше, 1 қаңтарға қараған түні Ыстамбұл орталығындағы түнгі клубта адамдарға оқ атқан лақап аты "Абу Мухаммед Хорасан" Абдулгадир Машарипов есімді бар Өзбекстан тумасы екені белгілі болды.
Полиция болған оқиғаның желісін жасап шықты. Машарипов түнгі клубқа кіріп келіп, ондағы адамдарға қарсы 180 оқ атқан. Одан кейін ас бөлмесіне бет алған, онда 13 минуттың ішінде киімін ауыстырып, дүрліккен жұртпен бірге сыртқа шығып кеткен. Одан әрі лаңкес такси ұстап, көрші ауданға жеткен.
Машинадан түсіп бара жатып, жүргізушіге ақшасының жоқтығын айтқан. Полиция анықтағандай, ол 500 лир ақшасын түнгі клубтың ас бөлмесінде қалған курткасының қалтасында ұмытып кеткен.
Olay басылымының хабарлауынша, осы таксистің арқасында лаңкестің тұлғасын анықтау мүмкін болған. Сыртқы бақылау камералары арқылы қылмыскердің түнгі клубтан бастап машинаға дейінгі жолы қаралды, кейін полиция такси жүргізушісін тапты.
Машарипов Ыстамбұлға Конья қаласынан келгені анықталды. Ол 1988 жылы туған, түрік, араб және орыс тілдерін біледі. Ыстамбұлдағы Reina клубында теракт 1 қаңтарға қараған түні болды. Қылмыскер қалың жұртқа қарсы оқ жаудырып, 39 адам мерт етті. Бұл актіні ДАИШ лаңкестік тобы өз мойнына алды.