Ыстанбұлдың Бас прокуратурасы тергеу аясында "Ислам мемлекеті" террористік ұйымына (ред. – Қазақстанда тыйым салынған) қарсы ауқымды операция жүргізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Euronews-ке сілтеме жасап.
Прокуратура тергеу барысында 137 адамды қамауға алу туралы ордер берілгенін мәлімдеді. Ыстанбұлдағы 124 мекенжай бойынша жүргізілген арнайы операциялар кезінде лаңкестік шабуыл дайындамақ болды деген күдікпен 115 адам ұсталды. Тінту барысында күдіктілерден тапаншалар, оқ-дәрілер мен көптеген құжат тәркіленді.
Бас прокуратураның мәліметінше, күдіктілер Рождество мен Жаңа жыл мерекелері кезеңінде шабуыл жасауға үндеген. Ұсталғандардың кейбірі қақтығыс аймақтарынан келген, ал басқаларына терроризмге байланысты ұлттық және халықаралық деңгейде қамауға алу ордері берілді.
Басқа күдіктілерді ұстау бағытындағы жұмыстар жалғасып жатқаны белгілі болды.
Сейсенбі күні Анкара Бас прокуратурасы "Ислам мемлекеті" ұйымының (ред. – Қазақстанда тыйым салынған) қаржылық құрылымына қатысты тергеу аясында 10 күдіктіні ұстауға ордер берді. Есептер мен әлеуметтік желілерді талдау арқылы ұйымның Анкарадағы құрылымы әшкереленген. Күдіктілер Сириядағы қақтығыс аймақтарында жүрген ұйым мүшелеріне және олардың отбасыларына өз банк шоттары арқылы қаржылай қолдау көрсеткені анықталды.