Қазақстанның екінші, әлемнің 64-ракеткасы Юлия Путинцева Хобарт (Аустралия) WTA 250 турнирінің жартылай финалына шыға алмады, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Жарысты іріктеу сайыстарынан бастаған қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 73-ракеткасы, қытайлық Юэ Юанмен кездесті.
Теннисшілер матчтың тартысты өтетінін білдіргендей, брейк алмасумен бастады. Есеп 5:2 болып, қытайлық спортшы сетке доп бергенімен, Юлия қатарынан үш гейм алды – 5:5. Бірақ Юлия кей сәтте допты қысқа тастаймын деп, қателікке жол беріп алды – 5:7.
Екінші сетте есеп 1:1 болған мезетте брейк жасаған Юлия алға кетті – 4:1. Бірақ сетке доп бергенде, өз мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Тай-брейкте Юанның асығы алшысынан түсті – 7:6 (7:4).
Екі сағат 22 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Ю.Путинцева 12 брейк-пойнттың бесеуін өз есебіне жазды. Қарсыласы 6 эйс, 6 брейкпен (22 брейк-пойнт) көзге түсті.
Қытайлық теннисші финалға шығу үшін әлемнің 31, осы доданың 2-ракеткасы, америкалық Эмма Наварромен таласады. Ол рейтингіде 77-сатыдағы болгариялық Виктория Томованы жолдан тайдырды – 4:6, 6:3, 6:2.