Қазақстанның бірінші, әлемнің 47-ракеткасы Юлия Путинцева Индиан-Уэллс (АҚШ) турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда венгриялық, дүниежүзілік рейтингте 102-орында тұрған Тимея Бабошпен күш сынасты. Ю.Путинцева қарсыласын екі партияда 6:1, 6:3 есебімен тізе бүктірді. Ол матч барысында алты брейк, үш эйске қол жеткізді. Венгриялық спортшы екі мәрте брейк жасай алды. Қазақстандық теннисшінің басымдылығымен өткен бәсеке 1 сағат 23 минутқа созылды.
Ю.Путинцева екінші айналымда әлемнің 8-ракеткасы, германиялық Анжелика Кербермен шеберлік байқасады. Жарысқа іріктеу сайыстары арқылы қосылған тағы бір қазақстандық теннисші, әлемнің 94-ракеткасы Зарина Дияс бірінші айналымда рейтингте өзінен бір саты жоғары тұрған, турнирге лаки лузер ретінде арнайы шақырту алған америкалық Джессика Пегуламен кездеседі.