Қазақстанның екінші, әлемнің 68-ракеткасы Юлия Путинцева Майами (АҚШ) WTA 1000 турнирінің жартылай финалына шыға алмады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстандық теннисші ширек финалда кезінде дүниежүзілік рейтингіде көш бастаған, қазір 32-орында тұрған Беларусь өкілі, Аустралия ашық чемпионатының екі дүркін жеңімпазы Виктория Азаренкомен бетпе-бет келді.
Осыған дейін қарсыластар өзара екі рет кездесіп, белоруссиялық спортшы жеңген.
Бұл жолы Путинцева матчты бірден брейкпен бастады – 2:0. Бірақ Азаренко алысқа ұзатпады – 3:3. Есеп 4:4 болғанда, тағы бір брейк жасаған Юлия өзі доп бергенде, үш сетболын пайдалана алмады – 5:5. Тай-брейкте Азаренко сәтті ойнады – 7:6 (7:4).
Путинцева екінші сетте де 2:0 есебімен алға шықты. Белоруссиялық теннисші қайыра брейк жасағанымен, Юлия қатарынан төрт геймді алды – 6:1.
Үшінші, шешуші партияда Беларусь өкілі матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін мүлт жіберді – 5:2. Дегенмен екінші рет бергенде, дегеніне жетті – 6:3.
Үш сағаттай уақытқа созылған тартысты бәсеке барысында Ю.Путинцева 5 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың алтауын өз есебіне жазды. В.Азаренко 2 эйс, 5 брейкпен (16 брейк-пойнт) көзге түсті.
Виктория Азаренко финалға шығу үшін тағы бір қазақстандық, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина немесе рейтингіде 9-орындағы грекиялық Мария Саккаридің қай жеңгенімен таласады.