24 ақпаннан бері Украинадан 1 миллионға жуық бала басқа елдерге бас сауғалады. Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қорының (ЮНИСЕФ) атқарушы директоры Кэтрин Рассел мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Небәрі екі аптаның ішінде бір миллион бала Украинадан басқа елдерге көшіп кетті", – деді Рассел.
Оның айтуынша, ЮНИСЕФ пен ұйымның серіктестері Украинадағы қақтығыс аймақтарындағы балалар мен олардың аналарына көмек көрсетуді жалғастырады. Ұйым 22 ауруханаға дәрі-дәрмек жеткізуді жоспарлап отыр. 20 мың украиналық бала мен олардың аналарына көмек көрсетіледі.
Еске сала кетсек, 24 ақпанда Ресей президенті Владимир Путин Донбасста "арнайы әскери операцияның" басталғанын жариялады. 21 ақпанда Ресей Донецк және Луганск халық республикаларының егемендігін мойындады. Ресми Мәскеу олардың басшыларымен достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шарттарға қол қойды.
Путиннің бұл әрекетін БҰҰ-ның барлық дерлік елі айыптап отыр.
Табиғат Нұрболат
Фото: gettyimages.com