Юрий Ильин: Жұмысшылар өндірістік және еңбек тәртібін тиісінше сақтамайды

768

Сенатта өткен үкімет сағатында Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин қауіпті өндірістік нысандардағы апаттардың негізгі себебін атады, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

Юрий Ильин: Жұмысшылар өндірістік және еңбек тәртібін тиісінше сақтамайды

"Өнеркәсіптік қауіпсіздік талабы жиі бұзылады. Пайдаланылатын жабдықтар физикалық тұрғыдан тозады. Жұмысшылар өндірістік және еңбек тәртібін тиісінше сақтамайды", – деді Юрий Ильин.

Министрдің мәлімдеуінше, биыл қауіпті өндірістік нысандардағы 2 196 бірлік жабдықты, 2 070 техникалық құрылғыны және 126 технологиялық желіні ауыстыру жоспарланған.

"Өндірістік және еңбек тәртібін күшейту мақсатында қолданыстағы заңнаманы жетілдіру бойынша тұрақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Биыл сәуір айында "Өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң қабылданды. Аталмыш құжат өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама нормаларын ішінара жетілдіруге және осы салада мемлекеттік қадағалауды жүзеге асырудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді", – деді Юрий Ильин.

Оның айтуынша, үкімет басшысының 28 сәуірдегі өкімін іске асыру аясында

40 нормативтік құқықтық акт бекітілді.

"Құжат қауіпті өндірістік нысандардағы жұмыскерлердің өндірістік және еңбек тәртібін жақсартуға, азаматтардың қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінен қорғалу деңгейін арттыруға және апат салдарынан үшінші тұлғаларға зиян келтіру ықтималдығын азайтуға бағытталған", – деді Төтенше жағдайлар министрі.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу