Су тасқынынан зардап шеккен қызылжарлықтарға астанадан гуманитарлық жәрдем жетті. Елордада ұйымдастырылған "Тасқынға көмек" акциясына 9 күнде 1000 адам қатысып, 6 тоннадан астам азық-түлік пен киім-кешек жиналды, деп хабарлайды Baq.kz.
Солтүстік Қазақстан облысында 8 елдімекен мен Петропавл қаласының екі ауданы су тасқынынан зардап шекті. Халық мектептердің ғимараттарын уақытша паналап жатыр. Есіл біршама тынышталғанмен, тасқынның беті қайта қойған жоқ.
"Үйіміз әлі суда тұр. Қайықпен сыртынан көріп қайттым. Астанадан көмек келіп жатқаны – жабырқау көңілімізге медет сыйлағандай. Қиын сәтте өзіміздің жалғыз емес екенімізді сезіндім. Қол ұшын созатын мейірімді жандар бар екен", – дейді Петропавл қаласының тұрғыны Олег Гузов.
"Тасқынға көмек" акциясын ұйымдастырушылардың айтуынша, Астанадан шыққан гуманитарлық көмектің алғашқы легі Қарағанды және Ақмола облыстарына жөнелтіліпті. Петропавлға да азық-түлік пен киім-кешектің 2,5 тоннасы келді.
"Астанада арнайы штаб құрылды. Оның басты мақсаты – табиғат апатынан зардап шеккендерге көмектесу. Штабқа келіп жатқан заттардың көбі – азық-түлік. Астананың жұртшылығы бір адамдай жұмылып қол ұшын беріп жатыр. Тіпті зейнеткерлер де өз үлесін қосты. Мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар мен кәсіпкерлер де қалыс қалған жоқ. Бұл акция адамдарды бір-біріне көмектесуге шақырады. Бауырларымызға халық болып жұмыла жәрдемдеудесуге міндеттіміз", – дейді Астана қаласынан келген ерікті Алпамыс Әбенов.
Астанадан келген азық-түлік пен киім-кешек арнайы қоймаға жайғастырылды. Алдағы күндері арнайы комиссия құрылып, гуманитарлық көмек тасқыннан зардап шеккендерге таратылады.