Қос жанары көруден қалған азамат "Бастау Бизнес" жобасында білім алып, қаржыландыруға қол жеткізді, деп хабарлайды palata.kz.
"Бастау Бизнес" жобасына қатысқан Андрей Зелевский "Полимерлі қалдықтарды мобильді қайта өңдеу" жобасына қаржыландыру алады. Зағип кәсіпкер курста алған білімі мен аталған жобаның артықшылығы туралы пікір білдірді.
Еске салсақ, "Бастау Бизнес" жобасы ауыл тұрғындарының экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған. Бұл жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға кәсіпкерлік негіздерін оқыта отырып, бизнес-жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
"Мен зағиптар қоғамдастығы атынан мүгедектер мәселесі бойынша кеңестің құрамындамын. Мүгедектердің мәселесін бір кісідей білемін. Бірақ әр адам өзіне өзі шектеу қояды. Мемлекет басшысы айтқандай алдымен іс баста. Әрдайым оқып, ізденіп, даму керек. Оның үстіне, Ұлттық палата кәсіпкерлер үшін жағдай жасап отыр. Мысалы "Бизнес Бастау" жобасы бойынша білім алғанымда, топтағы "негеш" мен болдым, әрбір қызықтырған сауалымды қоюдан қысылмадым. Білікті бизнес-жаттықтырушылардың әрқайсымызбен жеке-жеке жұмыс істегені үшін алғыс білдіремін. Енді жұбайым да Қостанай облысында "Бизнес Бастауда" білім алып жатыр. Ол химиялық тазалау саласын таңдап отыр", – деп бөлісті Андрей Зелевский.