Зайсан ауданының тоғыз елді мекені жылусыз қалды

741

​Газ құбыры екінші рет жарылды.

Зайсан ауданының тоғыз елді мекені жылусыз қалды

Шығыс Қазақстандағы Зайсан ауданының тұрғындары тағы да жылусыз қалды. Газ құбыры жарылып, тоғыз ауылдың көгілдір отыны тоқтатылды.

Бұл жағдай Зайсан ауданында он күннің ішінде осымен екінші рет қайталанып отыр. Алғашқысы 1 қарашада жарылған. Аталған мәселені қоғам белсендісі, журналист Еркебұлан Зағыппаров өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. 

– 12 қарашада Зайсан ауданында тағыда көгілдір отын (газ) жарылды. Соңғы уақытта бұл неге жиілеп кетті?! Осы газ жер асты тартылғанда "ауыл ішіне су құбырына арналған пластиктер қойылған " деп халық айтып жүретін. Үлкен магистральдық газ құбырында да солай болуы ықтимал емес пе?! Қарашада Зайсан ауданында газ осымен екінші рет жарылып отыр!!! Қаңтар мен ақпан айларында бұндай жағдай орын алса, газбен отырған халыққа қиын болуы ықтимал! Қазір Зайсан ауданының әкімі, газ мамандары, төтенше жағдай қызметкерлері газ құбыры жарылған аймақта жүр. Орын алған ақауды тез қалыпқа келтіруге қарқынды жұмыс жасап жатыр екен, – дейді Еркебұлан Зағыппаров.

Тұрғындар үйлерінің суып кеткенін айтуда. Бұл әсіресе, балаларға қиын көрінеді. 

– Осымен екінші рет жылусыз қалдық. Қазір қар көп түсе қойған жоқ. Бірақ жылу қоспасаң үй салқындап кетеді екен. Кішкене балалар бар. Кешке дейін қосатын шығар деп отырмыз. Қыста жарылса, қиынның көкесі сонда болады. Оның үстіне, көп үйлер пештерін алып тастаған газ тартылған соң. Енді қайта орнатуымыз керек сияқты. Алда алты ай қыс бар, не боларын білмейміз ғой, – дейді Марат Омар. 

Аталған мәселеге қатысты аудан әкімдігі қажетті жұмыстың істеліп жатқанын жеткізді.

Айтуларынша, округ әкімдері тұрғындарғаүйлерін  қатты отынмен және тоқпен жылтуға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. 

– 2022 жылдың 12 қарашасы күні Зайсан ауданының 9 елді мекенін газбен қамтамасыз ететін жоғары қысымды магистральдық газ құбырынан газ шығуына байланысты 9 елді мекенге газ беру тоқтатылды. Қалпына келтіру жұмыстары тиісті материалдармен, адамдар күшімен қамтамасыз етілген. Авария болған жерде аудан әкімі басқаратын штаб құрылып жұмыс істеуде. Жұмыс барысы аудан әкімінің жеке бақылауында. Ауылдық округ әкімдері 9 елді мекен тұрғындарымен өз үйлерін қатты отынмен және электр қуатымен жылытуға ауыстыру қажеттігі туралы  түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Әрбір елді мекенге әкімдіктің жауапты адамдары бекітілген. Қоғамдық саяси жағдай тұрақты. Барлық жағдай бақылауда, – деп хабарлады Зайсан ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
 

Таунар Қайратұлы 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу