Зайсан ауданының тұрғындары Президентке үндеу жолдады

917

"Біз Біржан аулының тұрғындары сайлаудың әділ өтуін талап етеміз!"

Зайсан ауданының тұрғындары Президентке үндеу жолдады

Шығыс Қазақстанда бүтін бір ауылдың тұрғындары Президенттен көмек сұрап, видеоүндеу жасады.

Айтуларынша, аудан әкімдігі халық үніне құлақ аспай отыр. 

Даудың басы Зайсан ауданына қарасты Біржан ауылының әкімін сайлаудан басталған. Бұрынғы ауыл әкімі орынын босатқаннан кейін жергілікті адамдар "ауылдың жағдайын жақсы біледі" деп өздері Дидар Ошақбаевты әкімдікке ұсынған. Бірақ жергілікті билік халық қалаулысын емес, аудан әкімінің көмекшісін тағайындамақ болыпты. Біржандықтар қанша жерден қарсы болса да, нәтиже болмаған сыңайлы. 

Аталған мәселені ақын, қоғам белсендісі Еркебұлан Зағыппаров өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды: "Зайсан ауданы Біржан ауылында шу шықты. Халықтың үніне құлақ аспаған жергілікті билікке халық наразы. Президентке үндеу жолдауда. Халық қалаған ауыл әкімдігіне деген үміткер Д.Ошақбаевтың кандидатурасын кеше Зайсан ауданының сайлау комиссиясы алып тастайды. Сонымен қатар Д.Ошақбаевқа осыдан бір апта бұрын "Аманат" партиясының депутаты арыз түсірді деген Прокуратурада шағым болады, түскен арыздың көшірмесін Д.Ошақбаев сұраған екен, бермейді. Ал Біржан ауылына әкім болуға Зайсан ауданы әкімінің көмекшісін, Аманат партиясы қолдап, ұсынған. Оны халық "танымаймыз" десе де тыңдамаған. Қысқасы, Зайсан ауданының әкімі көмекшісінің кандидатурасын өткізу амалы деп түсіндірді халық".

Үндеуде тұрғындар жиналып Президенттен көмек сұрап, сайлауға қарсы екендерін жеткізді. 

"Құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев мырза, біз Біржан аулының тұрғындары сайлаудың әділ өтуін талап етеміз. Ауыл әкімін сайлау барысында жергілікті сайлау комиссиясы халықтың өзі ұсынған кандидатты алып тастады. Сайлау комиссиясының төрағасы бізге құжаттардың көшірмесін ғана ұсынды. Ал түпнұсқасын көрсетпеді, ол құжат жалған болуы мүмкін. Біз сізден халық қалаған адамды сайлауға қатыстыруға мүмкіндік жасауыңызды сұраймыз", – дейді тұрғындар.

Осы орайда Дидар Ошақбаевтың өзімен тілдесіп көрдік. 

"Аудандық сайлау комиссиясы менің сайлауға түсуіме қарсы болды. Олар маған "сайлау заңына сай екі жыл мемлекеттік қызметте және басшылық лауазымда еңбек өтіліңіз болуы керек" деді. Мен "Азамат" шаруа қожалығын басқарып отырмын. Сөйтіп қоймай жүріп құжаттар өткіздім. Кейін аудандық "Аманат" партиясының депутаты менің үстімнен Прокуратураға арыз түсірді. Олар маған "сен қожалық иесі емессің" дейді. Қожалық әкемнің атында, оны бас сенімхатпен басқарып отырмын. Прокуратурадан арыздың көшірмесін сұрасам бермейді, тіпті көрсетпеді", – дейді Дидар Ошақбаев.

Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу барысында "Аманат" партиясының депутаты, сайлау комиссиясының өкілдері және сайлауға қатысқан аудан әкімінің көмекшісі тұрғындарға Дидар Ошақбаевқа дауыс бермеуге үндеген. 

"Үгіт-насихатты "Аманат" партиясының төрағасы, депутаты және әкімнің көмекшісі жүргізді. Олар халыққа мені "білімсіз" деп жамандаған. Мені тұрғындар өзі ұсынып отыр. Оның үстіне олар маған "дипломың жарамсыз" деп отыр. Оны Ұлттық қауіпсіздік комитеті растады дейді. Оның рас, өтірігін тағы білмеймін. Жоғары білімді сырттай оқып алғам", – дейді ол. 

Мәселенің ушыққанына айға жуықтаса да аудан әкімі ауылға аттап баспапты. Мәселені шешпеген. 

"Сайлауға 4 үміткер қатыстық. Қазір екеу ғана қалдық, оның екеуі әкімнің көмекшісі. Оның үстіне олар басқа ауылдікі. Мәселемізді келіп тыңдайтын әкім болмады", – дейді үміткер Дидар Бақытбек ұлы.

Мақала жазылып жатқанда аудан әкімдігі парақшасында сайлау қортындысын шығарып үлгерді. Белгілі болғандай, бір күн қалғанда үміткер Дидар Бақытбекұлын сайлауға қатыстырмапты. 

2022 жылғы 14 тамызда Зайсан ауданының Дайыр және Біржан ауылдық округтері әкімдерінің сайлауы өтті. Біржан сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне 860 сайлаушылар енгізіліп, 316 сайлаушылар дауыс берді.

Әкімге түскен кандидаттардың қорытындысы төмендегідей болды:
1. Долданов Айбек Серікұлы – 23 дауыс.
2.Зияданова Ақмарал Қалижарқызы – 5 дауыс.
3. Мырамытов Мереке Есенұлы – 188 дауыс.

Қорытындысында көпшілік дауыспен Мырамытов Мереке Есенұлы Біржан ауылдық округінің әкімі болып сайланды. 1989 жылы туған, Зайсан ауданы әкімінің көмекшісі, Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласының тұрғыны, "АMANAT" саяси партиясынан ұсынылған.

Тұрғындар әлеуметтік желіде сайлаудың әділ өтпегенін жазуда. Президенттен көмек сұрады, десе де әзірге шырылдаған халықтың үніне құлақ асатын ешкім байқалмайды.

"Біржан ауылының кандидаттарын тіркеуде Зайсан аудандық аумақтық сайлау комиссиясы заңсыздыққа барған. Заңсыз кандидатты тіркеген. Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің КНБ мемлекеттік қызметкерге үміткердің жекебас мен толық құжаттарын тексеріп, рұқсатын бермейінше жергілікті аумақтық сайлау комиссиясы тіркеген. Артынан бір күн қалғанда кандидатты тізімнен шығарған. Үміткерлерді тіркеуден заңсыздыққа барған Зайсан аудандық аумақтық сайлау комиссиясының Біржан ауылына қатысты сайлаудың осы істері заңсыз болғандықтан, үміткерлерді толық тексеріп қайта тіркеу жүргізу керек болған. Ол заңсыздықтарға қарамай сайлау өткізі өте ұят", – дейді Еркебұлан Зағыппаров.

Таунар Қайратұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу