Зайсан көлінде суға батып кеткен екі балықшының денесі табылды

264

Бұл туралы ТЖМ мәлімдеді.

Зайсан көлінде суға батып кеткен екі балықшының денесі табылды Фото: pixabay

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданына қарасты Зайсан көлінде екі балықшыны іздеу-құтқару жұмыстары аяқталды. Тәулік бойы жүргізілген іздестіру нәтижесінде марқұмдардың денесі судан табылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

15 қыркүйек күні Тұғыл ауылдық округіндегі көлде үш ер адам қайықпен балық аулап жүрген кезде күшті желдің салдарынан қайық аударылып кетті. 1968 жылы туған бір балықшы өздігінен шығып үлгеріп, оны жергілікті тұрғындар құтқарып қалған еді. Ал 1968 және 1995 жылы туған екі ер адам суға батып кеткен болатын. Белгілі болғандай, ер адамдардың үстінде құтқару кеудешелері болмаған.

Оқиға орнында бірден ТЖМ жедел штабы құрылып, іздестіру жұмыстарына құтқарушылар, сүңгуірлер, катерлер, ұшқышсыз ұшу аппараттары, суасты дрондар және жергілікті тұрғындар жұмылдырылды.

Құтқару бөлімшелерінің жұмысына көлдің тереңдігі, түбінің күрделі жер бедері және су астындағы көрінудің шектеулі болуы қиындық келтірді. Күрделі жағдайларға қарамастан, іздестіру топтары түрлі іздеу құралдары мен су асты жабдықтарын қолдана отырып, көл айдынын тексеруді жалғастырды. ТЖМ сүңгуірлері 8 рет суға түсті, – деп хабарлады ТЖМ.

Бірнеше күн бойы жасалған жұмыстың нәтижесінде 1968 жылы туған балықшының денесін жергілікті тұрғындар тапты. Ал 1995 жылғы  азаматтың  денесін ТЖМ сүңгуірлері жағадан 8,9 шақырым қашықтықтан анықтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу