Президент Ақордада өткен медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиында қоғамдағы құқықтық мәдениет пен әдеп қағидаларына ерекше тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мемлекет басшысының айтуынша, жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесінде Қазақстан жаңа тұрпатты елге айналып келеді, ал азаматтардың дүниетанымы мен мінез-құлқы да заман талабына сай өзгеруі қажет.
"Қазақстан – құқықтық мемлекет. Бұл қағидат Конституцияда бекітілген. Алайда құқықтық мемлекет болу тек Ата заңдағы норма емес. Құқық күнделікті өмірден басталуы керек. Әр адамның жүріс-тұрысы, әдебі, тәртібі, тіпті мінез-құлқы заңға қайшы болмауға тиіс", – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін еске салып, бұл ұлттық болмыстан немесе дәстүрлі құндылықтардан бас тарту дегенді білдірмейтінін атап өтті.
Президенттің сөзінше, өркениетті қоғамның басты белгілерінің бірі – қоғамдық орындарда өзін мәдениетті ұстау, өзгелерге құрметпен қарау және әдеп нормаларын сақтау.
"Соңғы уақытта кейбір адамдардың, тіпті амандасу кезінде де, өрескел әрі орынсыз әрекеттерге жол беріп жатқанын көріп жүрміз. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты күшейту қажет", – деді ол.
Мемлекет басшысы мұндай мәселелердің маңызы зор екенін айтып, шетел азаматтары халықтың күнделікті әдет-ғұрпы мен мәдениетіне қарап елдің даму деңгейіне баға беретінін жеткізді.
Сондай-ақ, Президент қоғамда жаңа этикалық нормаларды қалыптастырудың маңызын атап өтіп, медицина қызметкерлері бұл бағытта көпшілікке үлгі болуы керектігін айтты.