"Заң кімнің жағында": Депутат Талғардағы Шерзаттың бір бөтелке ішімдік үшін өлтірілгенін айтты

1077

Алматы облысында 16 жастағы бала қайғылы жағдай салдарынан қаза тапты. 

"Заң кімнің жағында": Депутат Талғардағы Шерзаттың бір бөтелке ішімдік үшін өлтірілгенін айтты Фото: коллаж inbusiness.kz

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Талғардағы қайғылы жағдайға байланысты мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Бүгінгі депутаттық сауалым аты адам болғанмен әрекеті адамдықтан ада қылмыскерлер хақында. Алыстан орағытпай тура тартсам жұрттың жағасын ұстатқан жағдай Алматы облысы Талғар ауданында болды. Қоғамды қамықтыратыны сол, соңғы уақытта жасөспірімдердің бір-бірін аяусыз соққыға жығуы, қорлауы, ең сорақысы арты өлімге апаратын қайғылы жайттар жиілеп кетті. Телеарнаны қосып қалғанда, газет бетін ашып қалғанда, радионы басып қалғанда азаматтар бірі-бірін ұрды, соқты деген ақпараттан көз ашпайтын болдық. "Біздің қоғам қайда бара жатыр?" деген сұрақтың көпшіліктің көкейінде көлкіп тұруы заңдылық осындайда. Кеше ғана Талғардағы дүкенде болған жағдай есімізді екеу, түсімізді төртеу қылды. Талғардағы тексіздердің тентектігінен 16 жасар бала, бір әулеттің аймаңдай азаматы Шерзат көз жұмды", - деді халық қалаулысы.

Оның жазуынша, баланың әкесі мен бауыры соққыға жығылды. 

"Баланың ажалына не себеп деген сұрақ туады. Сондағысы бір бөтелке алкоголь. Қазақ "Арақпен достастым дегенше, адамгершілікпен қоштастым де" дейді. Ішкіштің өзі адамгершілігімен қоштасып қана қоймай, кінәсіз кісілердің өмірімен қоштасуына себеп болғаны қатты қапаландырады. Осындайда біздің қоғам қауіпсіз бе өзі, заң кімнің жағында деген сұрақ туады. Себебі Шерзаттың әкесі тергеудің тұралап тұрғанын, аудандағы құзырлы орын өкілдерінің істі созбаққа салып жатқанын, қылмыскерді қойып баласынан айрылған отбасын түнде тергеуге шақырып алып өктем сөйлегенін айтып бейнеүндеу жасады. Ел өре түрегелді, артынша "істі ІІМ-і өз бақылауына алды" деген ақпарат тарады. Қоғамды қорқытатыны осы, қылмыскерді жазалау үшін, әділдікке жету үшін бейнеүндеу жасап әр істі бір министрдің бақылауға алғанын күтіп отыру керек пе? Неге жергілікті жердегі құқық қорғау орындары дереу істің ақ-қарасын анықтап әділ тергеу өткізбейді?", - деп жалғастырды Нартай Аралбайұлы.

Халық қалаулысы осындай жағдайда тек қана заң үстемдігіне иек артуымыз тиіс екенін жеткізді. 

"Қылмыс орын алғанда құқық қорғау органдары бірден әрекет етуі керек. Әйтпесе, жапа шеккен отбасының мүшелері ашуға бой алдырып, қылмыскерді жазалауға өздері бекінуі мүмкін. Сондықтан оған қоса мемлекеттік деңгейде полиция мен құқық қорғау органдарына деген сенімділікті арттыратын жұмыстарды іске асыру маңызды деп білемін. Қаперлеріңізге тағы бір жайтты салайын, осы жылдың қыркүйегінде Ақтөбе облысында 14 жасар Сыдық Нұржанды жоғарғы сыныпта оқитын он шақты оқушы жабылып сабаған, салдарынан бала көз жұмды. Ол кезде де марқұмның әпкесі әлеуметтік желіге шығып әділдік іздеп құзырлы органдарға жүгінді. Қылмыскерлер жазасыз қалмайтынына сенсе жұрт бұлай шарқ ұрмас еді. Сол Алматы облысының Талғар ауданында қыркүйек айының соңында бір тәрбиесіз бұзақының кішкентай баланы аяусыз сабағаны түсірілген бейнежазба тараған еді. Ол кезде Алматы облысының полицейлері істі бақылауға алдық деді. Алайда арада апта өткенде сол Талғарда 16 жасар ұлды бір топ қылмыскер өлтіріп кеткенін естіп-біліп отырмыз", - деді Мәжіліс депутаты.

Нартай Сәрсенғалиев Талғар ауданында 16 жасар азаматты өлтірген, жақындарын аяусыз сабаған қылмыскерлер қамауға алынып, оларға заңға сәйкес әділ жаза берілуі тиіс деген пікірде. Депутаттың сөзінше, аталған іс бойынша барлық құқық қорғау органдары тізе қосып, оқиғаның заңды құқықтық бағасын тез арада беруі қажет.

"Білім беру ұйымдарында "Құқық негіздері" атты пән бар. Бірақ оның сапасына қатысты сын көп. Аталған пәннің бағдарламасын қайта жасап, балалар өмірде бетпе-бет келетін жайттар мен өмірден алынған нақты кейстерге сүйеніп оқыту керек", - деп атап өтті Нартай Аралбайұлы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу