Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның 30 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференцияда осылай деді. Сондай-ақ Ата заңның жүріп өткен жолын сараптап, тарихына айрықша тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Президент осы жиында заңның үстемдігі туралы бірнеше рет айтты.
"Ата заң еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайтуды, сондай-ақ заңды мүлтіксіз сақтау және адал азамат идеологиясын ілгерілетуді көздейтін жаңа қоғамдық келісімнің айқын нышанына айналды. Заң үстемдігі – әділетті қоғам құруға және азаматтарымыздың берекелі өмірін қамтамасыз етуге апаратын төте жол. Сондықтан тағы да қайталап айтамын: еліміздің барлық азаматтары заңды құрметтеп, сақтауы керек", – деп ерекше атап өтті Мемлекет басшысы.
Президенттің конференцияда сөйлеген осынау мәлімдемесіне байланысты еліміздегі саяси партия жетекшілері пікір білдірді.
Парламент Мәжілісінің спикері, "Amanat" партиясының төрағасы Ерлан Қошанов, осы 30 жылда Конституцияға енгізілген өзгерістердің халықтың талап-тілегінен туындағанын айтып отыр.
"Әрине, Конституцияға әр жылдары әр түрлі өзгерістер енгізілгені белгілі. Ол – заман қажеттілігінен туындаған түзетулер. Бірақ солардың қатарында 2022 жылғы толықтырулардың орны бөлек. Конституцияның үштен бір бөлігі жаңарып, еліміздің саяси өміріне түпкілікті өзгерістер алып келді. Мемлекет басшысы сол күрделі кезеңде Ата заңды түгелдей дерлік өзгерту жөнінде де ұсыныстар болғанын айтты. Дегенмен, Президент реформалаумен шектеліп, 1995 жылы қабылданған Конституциясының негізгі мән-мазмұнын сақтау жөнінде шешім қабылдады", – деп жазды Е.Қошанов өзінің facebook-парақшасында.
Оның айтуынша, президенттің 7 жылға тек бір рет қана сайлануы, президент туыстарының лауазымды қызметке тағайындалуына заңмен тыйым салынуы – демократияның нағыз озық үлгісі.
"Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға Президент әуел бастан ерекше көңіл бөліп отыр. Конституциялық сот құрылып, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің конституциялық мәртебеге ие болуы – соның айқын дәлелі. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы заң қабылданып, өлім жазасына толық тыйым салынды. Адам саудасымен кешенді күрес күшейтіліп, Конституцияның 30 жылдығына орай рақымшылық жасалды. Бұл да – адам құқықтарының қорғалуына бағытталған нақты қадамдар", – деп жазды Amanat партиясының төрағасы.
Ал, "Respublika" партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров Президенттің бүгінгі баяндамасына орай саммари дайындап, оны әлеуметтік желіде жариялаған. Яғни, Мемлекет басшысы мәлімдемесіндегі ең маңызды кейстерді топтастырыпты.
"Ауыл" партиясының төрағасы Серік Егізбаев болса Конституциядағы заң мен тәртіп үстемдігі – Қазақстан халқының негізгі ұстанымы болуы тиіс дейді.
"Соңғы жылдары Қазақстан өсудің жаңа траекториясына шықты. Бұл тек макроэкономикалық жетістіктерден ғана көрініс таппайды, сонымен қатар біз жаңа өндіріс орындарын, үлкен инфрақұрылымдық жобаларды, экономикадағы бәсекелестіктің артуын көзбен көріп отырмыз. Бұдан бөлек, біз қазақстандықтардың спорттағы, ғылымдағы, білім саласындағы жетістіктеріне жиі қуанатын деңгейге жеттік. Бұл – елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды әрбір қазақстандық сезініп отыр дегенді білдіреді.
Бірақ қоғамда заң мен тәртіп үстемдік құрмаса бұл жетістіктеріміздің мүлдем мәні болмайды. Президент те осыны айтып отыр: тек заңның үстемдігі ғана дамудың негізгі тірегі болады деп. Біз тек ережелерді сақтап қана қоймай, құқықтық сананы дамытуға және қоғамда әділдік пен заңды сыйлауға күш салуымыз қажет", – деп жазды Серік Егізбаев әлеуметтік желіде.
Қазақстан халық партиясы төрағасының орынбасары, фракция жетекшісі Маггерам Маггерамов 2022 жылғы референдумның маңызына тоқталып отыр. Оның айтуынша, сол кезде Конституцияға өзгеріс енгізуді қазақстандықтар жаппай қолдаған. Бұл – қоғамның өзгерісті күткенінің және талап еткенінің жемісі дейді ол.
"Әсіресе, мектептер мен жоғары оқу орындарында жастардың құқықтық білімін жетілдіру әрекеті көңілге қонды.
Заң мен тәртіпті құрметтеу мектеп партасынан басталуы керек. Балалар біздің болашағымыз екенін ескерсек, олар үйде де, мектепте де тәртіптің, жауапкершіліктің маңызын түсініп өсуі қажет", – дейді Мәжіліс депутаты.
ЖСДП партиясының жетекшісі Асхат Рахымжанов болса Конституцияның 30 жылдығы қарсаңында сотталғандарға амнистия жариялау бастамасы – адамгершіліктің көрінісі болды дегенді айтты.
"Расымен де, біздің халық сонау Есімханның Ескі жолы, Қасымханның Қасқа жолы, Тәуке ханның Жеті жарғысынан бүгінгі Конституциямызға дейінгі аралықта өте ұзақ жолды жүріп өтті. Бүгінде бұл заңдар жинағы әбден жетіліп, қоғамның бірлікте, тыныштықта өмір сүруіне кепіл болып отыр", – деп ойын түйіндеді Рахымжанов.
Айта кетейік, Қазақстан халқы биыл Конституцияның 30 жылдығын атап өтіп жатыр. Еліміздің Ата заңы 1995 жылы қайта жасақталып, қабылданды.