"Заң түгілі сынық сүйем құжат жоқ": Депутат елімізде материалдық емес мәдени мұра қорғалмай жатқанын айтты

415

Оның ішінде әдет-ғұрыптар, салт-дәстүрлер мен ұлттық мейрамдар бар.

"Заң түгілі сынық сүйем құжат жоқ": Депутат елімізде материалдық емес мәдени мұра қорғалмай жатқанын айтты Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан Қазақстанда материалдық емес мәдени мұра қорғалмай жатқанын айтып, мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қазақ халқының материалдық емес рухани мұрасы үлкен екі саладан тұрады. Біріншісі – материалдық емес мәдени мұра, екіншісі – материалдық (заттық) мәдени құндылықтар. Материалдық құндылықтар бойынша Үкіметтің арнайы Қаулысымен тарихи-мәдени ескертікштердің жұмысы жүйелі жүргізілуде. Мұндағы оңбай тұрғаны материалдық емес рухани мұралар. Материалдық емес мәдени мұра дегеніміз әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлттық тәлім-тәрбие, теміршілік-ұсталық, садақшылық, құдық шегендеуші, құсбегілік, аңшылық, ұлттық дағдылар, ән, күй, жыр, қисса, бата, жоқтау, сыңсу, жарапазан, жұмбақ, жаңылтпаш, ұлттық мейрамдар. Қысқасы ресми түрде қағазға түскен 87 элемент", - деді депутат.

Ол 2003 жылғы 17 қазанда Парижде жасалған "Материалдық емес мәдени мұраны қорғау" туралы Конвенцияны Қазақстан 2011 жылы 1 маусымда ратификациялағанын еске салды.

"Әлемде 150 ел халықаралық конвенцияны ратификациялап, материалдық емес мәдени мұраны қорғауға міндеттеме алған. Бұл қатарда Қазақстан да бар. Париж Конвенциясына мүше елдер материалдық емес мәдени мұраға қатысты арнайы заң қабылдаған. Алысқа бармай-ақ, іргеміздегі Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, тіпті Ресейдің өзі материалдық емес көне мұраларын заңмен бекітіп, бүкіл өңірде жыл сайын экспедициялар ұйымдастырып, төл өнерді ұстанушылар туралы мәліметтерді жинап, сақтап, мемлекеттің байлығы ретінде қорғап отыр. Қырғыздар "Манас" туралы жеке заң, материалдық емес рухани құндылықтарды қорғау туралы жеке заң қабылдады", - деді ол Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында. 

Сөзінше, бұл мәселеде Латын Америкасы елдері, Азияда Корея, Жапония оқ бойы озық тұр. 

"Бізде заң түгіл сынық сүйем құжат жоқ. Материалдық емес рухани мұраны сақтаушыларды тізімге алу, сақтау, қорғау жұмысы мемлекеттік саясат ретінде ешқашан республика түгіл өңірлерде жүргізілмеген", - деді мәжілісмен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу