Қарызға батқандар берешектерін енді өз ыңғайларына қарай төлей алады. Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне қарасты Борышкерлермен жұмыс жөніндегі басқарманың жетекшісі Айгүл Уәлиева мәлімдеді. Оның айтуынша проблемалық қарыздар мәселесін шешудің жаңа жолы "Азаматтардың төлемге қабілеттілігін қалпына келтіру" туралы заң жобасына енгізілді. Жаңа үдеріс бойынша екі жол, соттан тыс және сот арқылы төлеу қарастырылған. Біріншісінде, борышкер мен кредитор өзара келісіп, төлемнің қарыз алушыға ыңғайлы жолын жоспарласа, екіншісі
сотқа арыздану. Бұл жағдайда сот борышкердің мүлкі арқылы қарыз орнын толтыру туралы шешім шығарады. Егер мүлік құны берешекті төлеуге жеткіліксіз болса, сот қалған қарызды төлемсіз сызып тастау құқына ие.