Заңдағы өзгерістер ауызсуды субсидиялау жолын жеңілдетеді

964

Бүгінде ауыл халқының 87%-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Оның 42%-ы мемлекеттен берілген субсидия арқылы ауыз суға қол жеткізген.

Заңдағы өзгерістер ауызсуды субсидиялау жолын жеңілдетеді

Спикер Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Сенат отырысында "Су кодексіне жергілікті өкілді, орталық және жергілікті атқарушы органдар арасында ауызсумен жабдықтауды субсидиялау жөніндегі өкілеттіктердің ара жігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы қаралды.

Баяндама жасаған Сенат депутаты Нариман Төреғалиев заң жобасының негізгі мақсаты – халықты таза сумен қамтамасыз ету үшін субсидияларды бөлу және өңірлердің мемлекеттік қаржыны уақытылы алуына қол жеткізу дейді. Сенатордың айтуынша, бүгінде халықты сумен қамтамасыз ету құнын төмендету мақсатында баламалы көздерден алынған ауыз суды субсидиялау көзделген. 2021 жылы бұл мақсатқа 16 млрд теңгеге жуық қаражат көзделген. Уәкілетті органның мәліметіне сәйкес,  2020 жылдың қорытындысы бойынша ауыл халқының 87 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылып, олардың нақты саны 4078-ге жеткен. Солардың ішінде 42%-ы ауыз суға мемлекет берген кепілдендірілген көмек арқылы қол жеткізіп отыр.

"Алайда қолданыстағы заңнама талдау жасаған кезде сумен жабдықтау обьектілерін тіркеу ұзаққа созылатыны анықталды. Айталық, оларды уәкілетті орган бекіту үшін көптеген ведомствоаралық келісулер талап етіледі. Бұл келісулер тым ұзақ жасалады, тіпті бір жылдан екі жылға дейін созылады. Сондықтан заң жобасы арқылы әр орган сумен жабдықтау кезінде қандай қызмет атқаруға тиіс екенін ажыратып алуымыз керек", – дейді депутат.

Сенатор заң жобасында ауыз сумен  жабдықтаудың жергілікті жүйелері жергілікті атқарушы органдар қарауына беру көзделгенін, ал топтық жүйелер бұрынғыдай өкілетті органның құзыретінде болатынын жеткізді. 

Қымбат Нұрғали

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу