Заңдастыруға жататын шетелдік көліктерді тексеру қалай жүргізілетіні белгілі болды

683

Заңдастырылатын автомобильдерге 3 негізгі талап қойылады. Атап айтқанда, автокөліктің іздеуде болмауы, кедендік тазартудан өтуі және 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген көліктер болу қажет.   

Заңдастыруға жататын шетелдік көліктерді тексеру қалай жүргізілетіні белгілі болды

Бүгінгі таңда елімізде шетелдік автомобильдерді біржолғы заңдастырудан өткізу бойынша заңнамаға тиісті өзгерістер енгізіліп жатыр. ІІМ мамандары заңдастыруға жататын автокөліктерді тексеру қалай жүргізілетінін айтты, деп жазады inbusiness.kz. 

"Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды атап өткім келеді. Барлық құжат тиісті заң бойынша ресімделуі тиіс. Мысалы, егер де сіз көлікті Ресей Федерациясынан әкелсеңіз, онда тиісінше сіздің қолыңызда оны Ресей Федерациясында сатып алғаныңызды растайтын құжаттар (көліктің есептен шығарылғаны, осында әкеліп, бірақ утилизациялық алымды және бастапқы тіркеу үшін төлей алмағаныңыз туралы) болуы керек. Яғни, осыған байланысты бұл көлікті ресімдеуді не себепті аяқтамай жүргеніңізді дәлелдейтін құжаттар болуы тиіс. Егер сізде аталған құжаттар бар болса, онда біз оларды қарастырып, тіркеу пункттерінде тексереміз. Егер де құжаттармен байланысты мәселе дұрыс болса, автомобиль аталған пунктке жіберілуі керек. Себебі онда нөмірлік агрегаттарды тексеруге арналған орын бар. Одан кейін көлік қылмыстық есеп бойынша тексеріледі. Егер бәрі дұрыс болса, автомобиль иесі мемлекеттік нөмір мен техпаспорт үшін алынатын төлем сомасын төлейді. Содан соң азаматқа қазақстандық мемлекеттік нөмір мен техпаспорт беріледі", - деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының м.а. Қайсар Сұлтанбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, заңдастыру аяқталған кезде құқық бұзушыларға әкімшілік шара қолданылады.

"Әкімшілік заңнаманың қолданыстағы нормаларына сәйкес, яғни 590-бап бойынша белгіленген тәртіппен тіркелмеген көлік құралдарын пайдалануға рұқсат етілмейді. Бұл құқық бұзушылық үшін 10 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Құқық бұзушылық қайталанып жасалған жағдайда 20 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 1 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру көзделген. Көлікті заңдастыру кезеңінде жүргізушілерге көлік құралдарын заңнамаға сәйкес ретке келтіру ұсынылғанын атап өткен жөн. Әрине заңдастыру аяқталған кезде құқық бұзушыларға әкімшілік шара қолданылады", - деп атап өтті Тіркеу жұмысы және цифрландыру басқармасының бастығы, полковник Әлібек Кеңесбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу