Заңдастырылған шетелдік көліктердің "орташа жасы" қандай?

378

Қазақстандағы автокөліктің "орташа жасы" – 24-25 жыл. 

Заңдастырылған шетелдік көліктердің "орташа жасы" қандай? Фото: Almaty.tv

Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев айтты, деп жазады inbusiness.kz.

"2015 жылға дейін елдегі көліктің орташа жасы 14-15 жыл болды. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 24-25 жылдан асты", - деді ведомство өкілі.

Тілшілер Қайсар Сұлтанбаевтан "Тозған автокөліктерді заңдастыру республика жолдарында жол апаты қаупін тудырмай ма?" деп сұрады.

"Сұрағыңыз өте орынды. Ол арттыруы да мүмкін. Неге десеңіз, автокөліктердің жасы ұлғайған сайын оның техникалық жағдайы төмендей түседі. Сондықтан техникалық жағдайға байланысты да жол апаттары орын алуы мүмкін", - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Қазақстанда жол апаты жоғары деңгейде екенін мойындау керек, деп жалғастырды ол.

"Оған себеп болатын бірнеше факторлар бар. Біріншіден жүргізушілердің дайындығы, екіншісі – көліктердің техникалық жағдайы, үшіншісі – автожолдардың жағдайы, инфрақұрылымның жағдайы тікелей себепкер екенін айта кету керек. Биыл былтырғы жылға қарағанда жол апаттарының саны біразға азайып отыр. 6 айдың ішінде жол апатынан қайтыс болған адамдардың саны 3 пайызға төмендеді, жол апатынан дене жарақатын алғандардың саны 15 пайызға азайды", - деп жауап берді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы.

Ведомство өкілі заңдастырылған шетелдік көліктердің "орташа жасын" нақты айта алмайтынын, алайда олардың шығарылғанына шамамен 10-15 жыл болғанын атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу