Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, Заңғар Словакияның Трнава қаласында 18 жасқа дейінгі ойыншылар арасында өткен ITF Juniors жарысында үздік шықты.
З. Нұрланұлы финалда жергілікті теннисші Даниэл Балашекті 6:4, 3:6, 6:2 есебімен тізе бүктірді.
"Барлық матч өте қиын болды. Дегенмен жекелей сында ITF Juniors додасында алғашқы титулымды жеңіп алғаныма қуаныштымын. Бұл – мен үшін маңызды", – деді Заңғар Нұрланұлы.
Жас қазақстандық теннисші өткен жылды Tennis Europe рейтингісінде үздік ондықтың ішінде аяқтап, ұзақ уақыт бойы чемпиондық кестеде көш бастады. Өткен жылдың желтоқсанынан бері Заңғар жоғары санатқа ауысып, қазір ITF Juniors турнирлерінде өнер көрсетіп келеді.