Бұл туралы Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті басқармасының басшысы Бахытжан Әмірханов айтты.
Қазіргі уақытта 4 айдан астам уақыт бойы нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің кешенді жоспары белсенді жүзеге асырылуда.
"Кешенді жоспардың негізгі бағыттарын іске асыру мақсатында осы жылдың өткен кезеңінде атқарылған жұмыстың нәтижелеріне тоқталсам. 2775 есірткі қылмысы, 1568 өткізу фактісі және аса ірі мөлшерде есірткі сақтаудың 415 фактісі анықталды. Заңсыз айналымнан 37 тоннадан астам есірткі, оның ішінде 73 кг-нан астам героин мен 191,5 кг апиын, сондай-ақ 5 тонна кептірілген марихуана мен 503 кг гашиш алынды. Бұл ретте алынған синтетикалық есірткінің көлемі 890 кг-ға жетті, 69 жасырын зертхана (ІІМ – 41, ҰҚК – 28) жойылды", – деді спикер.
Есірткі контрабандасының 300 фактісі анықталды. 6 ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылды. 6 көшбасшы және олардың 54 қатысушысы қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Оларға қатысты, оның ішінде 2 трансұлттық ҰҚТ-ты ұйымдастырғаны және оған қатысқаны үшін 14 қылмыстық іс қозғалды.
"Жалпы қылмыстық жолмен алынған сомасы 114 млн теңгеден асатын ақшалай қаражатты заңдастырудың 3 фактісі анықталды. ҰҚТ мүшелерінен 100 кг-нан астам есірткі, 84 тоннадан астам прекурсор және 24 тонна "апиын көкнәрі" алынды.
Интернет желісінде есірткі қылмыстарын анықтау бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Мәдениет министрлігінің Ақпарат комитеті 3,2 мыңнан астам есірткі сайттарын бұғаттады.
Алайда, жарнамалық сайттар мен басқа да интернет-платформалар арқылы есірткінің "агрессивті" жарнамасынан "жасырын" жарнамалауға көшу байқалады", — деді спикер.