Заңсыз әкетілген динозавр қазба қалдықтары Франциядан Моңғолияға қайтарылады

129

Қайтарылған динозавр қазба қалдықтары терең ғылыми зерттеу жүргізу үшін Табиғи тарих музейіне табысталады.

Заңсыз әкетілген динозавр қазба қалдықтары Франциядан Моңғолияға қайтарылады Фото: Монцамэ

Франция аумағында заңсыз сақталған динозаврлардың қазба қалдықтары Моңғолияға қайтарылатын болды. Бұл жөнінде қазба олжаларды өтеусіз беру туралы ресми құжатқа 2025 жылғы 8 желтоқсанда Париж қаласында қол қойылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Моңғолияның Мәдениет, спорт, туризм және жастар ісі жөніндегі министрлігінің мәліметінше, қазба қалдықтары Францияда Бразилиядан келген кемені тексеру кезінде және "Creazaurus" компаниясының қоймаларынан анықталған. Аталған олжалар Францияның құқық қорғау органдары тарапынан 2013 және 2015 жылдары тәркіленген.

Бұл дерек бойынша 2015 жылы тергеу басталып, 2016 жылы Франция Моңғолияның Бас прокуратурасына өзара құқықтық көмек көрсету туралы сұрау жолдаған. Соның негізінде Моңғолияда қосымша тергеу жүргізіліп, оның қорытындылары француз тарапының назарына ұсынылған.

Сараптамалық қорытындыға сәйкес, Францияның Лион қаласында тәркіленген тарбозавр батаардың қазба қалдықтары Моңғолия аумағынан шыққаны дәлелденді.

Ұзақ жылдарға созылған бірлескен жұмыс нәтижесінде Моңғолия мен Францияның құқық қорғау органдары, дипломатиялық өкілдіктері және тиісті министрліктер өзара тығыз ынтымақтастық орнатты. Соның нәтижесінде 2025 жылғы 10 маусымда Лион апелляциялық соты Моңғолияға динозаврлардың 29 жинақ қазба қалдығын қайтару жөнінде түпкілікті шешім шығарды. Осылайша, он жылдан астам уақытқа созылған сот процесі аяқталды.

Қайтарылатын олжалардың қатарында тарбозавр батаарлардың, тероподтар мен овирапторозаврлардың толық қаңқалары, сондай-ақ тістер, қабырғалар, жақ сүйектері, тырнақтар, ортаңғы ми және тобық сүйектері бар. Сонымен бірге ғылым үшін аса құнды тероподтар мен овирапторозаврлардың жұмыртқалары да Моңғолияға жеткізіледі.

Рәсімге қатысушылар Моңғолияның мәдени құндылықтарды заңсыз әкелуге, әкетуге және меншік құқығын беруге тыйым салу мен оның алдын алу жөніндегі ЮНЕСКО-ның 1970 жылғы конвенциясына, сондай-ақ ұрланған немесе заңсыз әкетілген мәдени құндылықтар туралы УНИДРУА конвенциясына (2024 ж.) қосылуы қазба қалдықтарын қайтару үдерісіне оң ықпал еткенін атап өтті.

Құжатқа қол қою рәсіміне Моңғолияның Мәдениет министрі Чинбатын Ундрам, Францияның Экономика және қаржы министрі Амели де Моншален және екі елдің ресми өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында Чинбатын Ундрам Моңғолияның заңды құқықтарын қорғауға және ұлттық мұраларды қайтаруға үлес қосқан француз және моңғол ұйымдары мен лауазымды тұлғаларға алғыс білдірді. Министр мәдени құндылықтарды заңсыз иемдену мен саудалауға итермелейтін ашкөздік ешбір халықтың қадір-қасиетіне нұқсан келтірмеуі тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ, Моңғолия тарапы бұл бағыттағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді.

Алдын ала жоспарға сәйкес, қайтарылған динозавр қазба қалдықтары терең ғылыми зерттеу жүргізу үшін Табиғи тарих музейіне табысталады. Ал олжалардың бір бөлігі 2026 жылы ашылуы жоспарланған Ұлттық жаратылыстану ғылымдары музейінің палеонтология бөліміне қойылады.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу