Сонымен қатар заңды және жеке тұлғалардың жабық реестрі жасалынып, мемлекеттік қор жасақталады. Бұл туралы депутат Елнұр Бейсенбаев Мәжіліс отырысында айтты, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
"Заңға жеке және заңды тұлғалардың шектеулі тобы, яғни заңсыз әрекеттер арқылы байлыққа, активтерге ие болған адамдар жатады. Бұл ретте жеке тұлғалар қатарына негізсіз байлыққа ие болған және оларға қатысы бар адамдарды жатқызуға болады", - деді депутат.
Активтерді қайтаруға бағытталған шаралар осы жеке тұлғалармен тығыз байланыста болған, заңсыз сыбайластық орнатқан өзге тұлғаларға да қолданылады. Мәселен, жақын туыстары, таныстары, көлік жүргізушісі, қызметшісі және олардың мүлкіне номиналды иелік ететін адамдар.
"Аталған заң жобасы ірі сыбайлас жемқорлыққа және республикалық, жергілікті деңгейдегі әкімшілік-билікпен біте қайнасқан олигополиялық топтарға қарсы пәрменді шаралар енгізеді. Заң жобасында активтерді қайтарудың ерікті немесе мәжбүрлі тәртібі көзделген. Ерікті түрде қайтару өздеріне тиесілі мүлікті мемлекетке өтеусіз беру жолымен жүзеге асырылады, соттардың шешімдері негізінде қылмыстық процесс шеңберінде заңсыз алынған активтерді тәркілеу, соттардың активтерді негізсіз байлық ретінде тану туралы шешімдерінің негізінде және мүліктің қылмыстық шығу тегі болған кезде заңсыз алынған активтерді мәжбүрлеп қайтару, соттардың немесе шет мемлекеттердің өзге де уәкілетті органдарының шешімдері негізінде тәркілеу. Жалпы заң аясында арнайы комиисия құрылады, заңды және жеке тұлғалардың реестрі пайда болады. Арнайы мемлекеттік қор мен уәкілетті орган құрылады", - деп түсіндірді мәжілісмен.