Заңсыз киік аулауға қатысты тіркелген 43 деректің 25-і ғана сотқа жеткен

1194

Сотта ісі қаралған 32 адамға қатысты 1 жылдан 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеу түріндегі жаза қолданылған.

Заңсыз киік аулауға қатысты тіркелген 43 деректің 25-і ғана сотқа жеткен

Батыс Қазақстан облысында киікті заңсыз аулауға қатысты өндірілген 360 млн астам теңгенің дені мемлекетке қайтарылмай отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР АШМ орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті БҚО бойынша аумақтық инспекциясының басшысы Қайрат Қадешевтің айтуынша, өткен жылы соттарда 25 қылмыстық іс қаралып, 360,737 млн теңге залал өндірілген.

Алайда күні бүгін соның 6,4 млн астам теңгесі ғана мемлекетке қайтарылған. Аталған қаражат бойынша инспекция құзыретті органдарға бірнеше рет хат жібергенімен, әзірге одан айтарлықтай нәтиже болмай тұр. 

Жалпы, өткен жылы облыс бойынша киікті заңсыз аулау мен оның бөліктерін тасымалдауға қатысты 43 дерек тіркелсе, соның 25-і ғана сотқа жеткен. Сотта ісі қаралған 32 адамға қатысты 1 жылдан 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеу түріндегі жаза қолданылған. Соттар 12 аңшы мылтығы, 6 автокөлік, 1 қаршана және 1 квадрацикл тәркіленген. Заң бұзушылардан сондай-ақ 91 киік ұшасы, 328 мүйіз алынған. 

"Қазіргі таңда өңірде 135 мыңнан астам киік болса, соның 70 пайызы көршілес Атырау облысына ауысып, қыстауда. "Охотзоопром" ӨБ" РМҚК Орал өңірлік филиалының инспекторлары киіктің соңынан ере жүріп, жануарларды қорғау шараларын жалғастыруда", – деді Қайрат Қадешев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу