Заңсыз құрылыс нысандары сүріле бастады

305

Ақтау қаласында өз бетінше салынған құрылыс нысандары сүріле бастады.

Заңсыз құрылыс нысандары сүріле бастады Фото: tazabek.kg

Мемлекеттік сәулет-құрылысы саласындағы тәртіпке бағынбай, құжатын рәсімдеген тұрғын үй кешендерін де осы күтіп тұр. Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша шаһарда 28 көпқабатты тұрғын үйдің ісі қаралып жатыр. 

Дәл осы жерде көппәтерлі үй бой көтеруі тиіс еді. Мердігер бірінші қабаттың қаңқасын көтеріп үлгерген. Бірақ, өкінішке қарай бұл нысан "заңсыз құрылыс" деп танылып, соттың сүру туралы шешімі шығарылды. Дәл қазіргі жәй-күйі осы. Құзырлы орган өкілдері әліде өз бетінше құрылыс жүргізіп, әкімдіктің ескертуін елемей, мәміледен, медиацияға келуден бас тартып жүрген кәсіпкерлермен күресті жалғастырып жатыр. Демек, дәл осындай тағдыр өзге де тұрғын кешендеріне келу мүмкін. 

Ақтау қаласы аумағындағы 19-өндірістік аймақтағы 37-нөмірлі нысан кенеттен қоршалып, құрылысы басталған. Жер телімі болса, жекеменшік иесінде. Бәлкім, сол себепті кәсіпкер әкімдік тарапынан рұқсат алуды жөн санамаса керек. 

"Бір рет хабарландыру жіберіледі. Яғни, өзіне арнайы уақыт беріледі. Сот орындаушылары мерзім береді. Сол мерзім ішінде өздері орындап бір әрекет етіп бастау керек. Өз еркімен бұзу керек. Ал сот шешімі заңды күшіне енді. 3 ай уақыт өтті біз хабарлама жібергеннен кейін. Үш айдың ішінде ешқандай шара қолданған жоқ. Сол себепті біз мәжбүрлі бұзу шарасын жүргізіп жатырмыз", – дейді Ақтау аумақтық сот актілерін орындау бөлімінің мемлекеттік сот орындаушысы Бегалы Тұрдыбай.

Бүгінгі таңда Ақтау қаласында 28 тұрғын үй кешенінің құрылысы заңсыз деп танылған. Оның ішінде сүру туралы сот шешімі шыққан 26 нысанның 21-і бойынша сот шешімі заңды күшіне енді. Демек, алда кейбір көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы аяқталмай қалуы мүмкін. Тұрғындар болса, заңды қатаңдату қажеттігін айтады. 

"Қалай айтсам болады? Мына жерде бірінші мердігерлер, жер беріп отырған адамдар сол ортада заң болу керек қой. Ол құжатын шығармай, салып тастайды құрылысты. Құрылысы заңсыз болғаннан ол адамда, мердігер де, жапа шегеді", – дейді қала тұрғыны Айгүл Ізжанова.  

Облыста ведомства аралық комиссия құрылды. Олар әр тұрғын үйге қатысты жеке қарайды. Өйткені, кейбір кәсіпкердің медиацияға келуге мүмкіндігі бар. Мамандар әзірге "заңсыз" деп танылған баспаналардан пәтер алған адам санын нақты айта алмайды. Қаражаты салынған үй сүрілетін болса заң органдарына жүгінуге тура келеді. 

"Екі жақта азаматтық тұрғыда жасақталған алдын-ала сатып алу келісімшарты бар. Бұл жерде ешқандай әкімдік тарапынан немесе мемлекеттік органдар қатыспайды. Яғни, құрылыс салушы мен салымшы арасында жасақталған келісімшарт. Сол келісімшарттағы міндеттемелерді орындамағаны үшін екі тұлғаның бір жағы сот орындарына өзінің талап-арызын қанағаттандыруы мүмкін", – дейді  Маңғыстау облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Дәурен Өтепқали.

Әзірге салымшылар мен үлескерлер мәселесі ашық қалады. Өйткені, құрылыс нысаны сүрілсе кәсіпкердің де қарызға бататыны белгілі. Құзырлы орган өкілдері соттың қаулысын орындау жұмыстарын әлі де жалғастырады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу