Кездесу прокуратура органдарының әр буын өкілдерін біріктіріп, ұрпақтар сабақтастығын сақтау мен құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы өзекті мәселелерге арналды. Берік Асылов прокуратура органдары Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан құру жөніндегі тапсырмаларын жүйелі түрде жүзеге асырып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау, қоғамдық диалогты дамыту және "Заң мен Тәртіп" қағидатын нығайту – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі.
Кездесуде прокуратура органдарының стратегиялық міндеттерді орындау барысы да сөз болды. Атап айтқанда, мемлекетке заңсыз шығарылған 1,3 триллион теңгенің активтері қайтарылғаны айтылды. Осы қаражат есебінен ел бойынша 350 әлеуметтік нысанның құрылысы аяқталған. Олардың қатарында сумен жабдықтау, денсаулық сақтау, білім беру, спорт және инженерлік инфрақұрылым нысандары бар.
Берік Асыловтың айтуынша, мемлекетке қайтарылған әрбір теңге халықтың игілігіне бағытталып, жаңа мектептердің, медициналық мекемелердің және өзге де әлеуметтік нысандардың салынуына мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен қатар прокурорлар елімізде іске асырылып жатқан 3 мыңнан астам инвестициялық жобаны сүйемелдеуде. Биылдың өзінде олардың үйлестіруімен 42 жаңа өндіріс іске қосылып, 3 мыңға жуық жұмыс орны ашылған.
Бас прокурор құқықтық мәдениетті қалыптастыруда прокуратура органдары ардагерлерінің рөлі ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының қолдауымен мектептер мен колледждерде "Заң мен Тәртіп" пәні енгізілген. Талғар ауданында іске асқан пилоттық жоба нәтижесінде жасөспірімдер қылмысы мен әкімшілік құқық бұзушылықтар айтарлықтай азайған.
Бүгінде республика бойынша құқық қорғау және арнаулы органдардың 317 ардагері жастармен кездесулер өткізіп, құқықтық сауаттылықты арттыруға, Конституция мен заңға құрметті қалыптастыруға үлес қосып келеді.
Кездесу барысында Берік Асылов ардагерлерді тәлімгерлік пен құқықтық ағарту жұмыстарына белсенді қатысуға шақырып, Бас прокуратура жанынан заңдылықты нығайту және жас ұрпақты тәрбиелеу мәселелерін тұрақты талқылайтын арнайы алаң құруды ұсынды.
Жиын соңында Бас прокурор прокуратура органдарының ардагерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың елдің құқықтық жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Салтанатты рәсімде бірқатар ардагерге ведомстволық наградалар мен қоғамдық бірлестіктердің медальдары табыс етілді.