Заңсыз сыйақы алып, жалған құжат жасаған "Отбасы банктің" қызметкерлері жұмыстан қуылды

330

Бұл туралы Қазақстан қор биржасы (KASE) жариялаған банктің жылдық есебінде айтылған.  

Заңсыз сыйақы алып, жалған құжат жасаған "Отбасы банктің" қызметкерлері жұмыстан қуылды Фото: ЖИ көмегімен жасалды

2025 жылы "Отбасы банкте" тұрғын үй кезегін заңсыз жылжытуға, клиенттердің мүддесін лоббизмдеуге және жалған құжаттар жасауға байланысты сыбайлас жемқорлық деректері анықталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Заңсыз әрекеттерге қатысы бар қызметкерлермен еңбек шарты бұзылып, материалдар құқық қорғау органдарына тапсырылды.

Қаржы ұйымының мәліметінше, банк қызметкерлері клиенттердің, риелторлардың, жеке сот орындаушылары мен нотариустардың мүддесін қолдағаны үшін заңсыз сыйақылар алып отырған. Анықталған заңбұзушылықтардың арасында азаматтарды баспана кезегінде заңсыз алға жылжыту жағдайлары да бар.

Бұдан бөлек, филиалдардың бірінің қызметкері клиенттердің төлем қабілеттілігін растау үшін кірістері туралы жалған құжаттар жасаған. Бұл анықтамалар кейін несие өтінімдеріне тіркелген.

Заңсыздықпен айналысқан қызметкерлермен сенімді жоғалтуға байланысты еңбек шарттары лезде бұзылды. Сондай-ақ банк оларды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы өтініш білдірді.

"Анықталған фактілер бойынша бұл қызметкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы арыздар жолданды. Құқық қорғау органдары бірқатар қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр", – делінген есепте.

Қызметкерлердің аты-жөні, күдіктілердің нақты саны және заңсыз алынған сыйақы көлемі есептемеде ашып көрсетілмеген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу