Полиция көші-қон заңнамасын бұзған 700-ге жуық шетелдік такси жүргізушісін анықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz cайты Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігі "Заң мен Тәртіп" қағидасын қамтамасыз ету мақсатында, көші-қон бақылауын нығайту және ел аумағында көші-қон заңнамасын бұзған шетелдіктерді анықтау үшін "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізген.
"Көші-қон қызметінің мәліметі бойынша, іс-шара барысында 5 күн ішінде 46 мың көлік тексерілді, 1 080 шетелдік азамат жеке тасымалдаумен айналысқаны анықталды. Олардың 691-і мобильді қосымшалар арқылы көші-қон заңнамасын бұзып, жеке тасымалмен айналысқан. 234 шетелдік азамат заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырғаны үшін, 457 шетелдік азамат ҚР-да болу мерзімін бұзғаны үшін жауапқа тартылды", – делінген ресми хабарламада.
Сот шешімі бойынша, 175 шетелдік такси жүргізушісі ел аумағынан шығарылды. Олардың 103-і жеке басын анықтау үшін қабылдау-тарату орындарына орналастырылған.
Сонымен қатар, 38 қазақстандық шетелдік азаматтарды заңсыз жұмысқа тартқаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды.