Затобол ауылы қала мәртебесіне ұсынылады

1511

Затобол ауылы қала мәртебесіне ұсынылады

Қостанай ауданының орталығы Затобол ауылы қалаға айналуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Затобол ауылы қала мәртебесіне ұсынылады. Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында айтылды.

"Өздеріңізге белгілі, Қостанай облысында төрт қала бар. Олар: Қостанай, Рудный, Лисаков және Арқалық. Ал Жітіқараның аумағы кең болғанымен, ол ресми түрде қала мәртебесіне ие емес. Қостанай ауданының орталығы Затобол ауылында 25 мың адам тұрады. Дегенмен, бұл 10 жыл бұрынғы санақтағы мәлімет. Келесі жылы тағы да санақ жүреді. Бұған қоса Заречный ауылында 10 мың адам бар. Міне, енді осы көрсеткіштерді ескеріп, Затобол ауылына қала мәртебесін беруіміз қажет", - деген болатын облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

Қостанай ауданы ішкі саясат басқармасының бөлім маманы Әсел Сүйінованың айтуынша, 18 наурызда ауылға қала мәртебесін беруге қатысты жиын өтеді. Сондай-ақ бастамашыл топ аудан әкіміне қазіргі Затобол ауылының бұрынғы атауын қайтару туралы ұсыныс хат та жазған. Тұрғындардың пікірінше, ауыл Құтты алап немесе Тобыл аталуы керек.

"Осыдан екі жыл бұрын аудан әкімі Қайрат Ахметовке кіріп, осы мәселені көтергенбіз. Затобол ертеде Құтты алап деп аталған. Бұл туралы өзіміздің классик жазушымыз Бейімбет Майлин "Жалбыр" повесінде жазған. Бұған қоса жазушы Жайсаңбек Молдағалиев: "Самодуровка Тобылдың шығыс бетіне орналасқан, уездік қаланың қалқаны секілді, ылғи аннан-мұннан қашқан, не адамның, не құдайдың есебінде жоқ жатақтар мекені болатын. Қыр елінен қалаға келушілер ол мекенді айналып өтіп, Тобыл өзенінің паромына басқа жақтан келіп мінетін. Өйткені мұндағы жатақ бұзақылары көлденең көк аттыны өткізбей, не тонап жіберетін, не сабап жіберетін. Сол мінезіне лайық ресми Затоболовка аты өзгеріп, Самодуровка болып кеткен" деген дерек келтіреді", - деді белгілі жазушы Ақылбек Шаяхмет. 

Осы деректерді келтірген жазушы ауыл атауы өзгеруге тиіс деген пікір білдірді.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу