Зейнетақы қорында 37,3 млрд теңге көлемінде "иесіз ақша" жатыр

90

Яғни, зейнет жасына жеткен, бірақ зейнетақы рәсімдеуге немесе оны толық алуға өтініш бермеген адамдардың шотында 37,3 млрд теңге жатыр.  

Зейнетақы қорында 37,3 млрд теңге көлемінде "иесіз ақша" жатыр Фото: turkistan.kz

Бірыңғай жинақтаушы қоры бұл ақшаның кім тиесілі екенін және оны алу үшін не істеу керектігін түсіндірді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

2025 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша, жалпыға бірдей белгіленген зейнет жасына жеткен тұлғалардың талап етілмеген зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы – шамамен 37,3 млрд теңге, бұл сома 264 695 жеке зейнетақы шотында (ЖЗШ) сақталған.

Оның ішінде БЖЗҚ-ның мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алған мәліметтеріне сәйкес:

  • 148 335 адам қайтыс болған, олардың зейнетақы жинақтарын мұрагерлер талап ете алады;
  • 59 800 адам Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға кетті;
  • 56 560 адам жасына байланысты зейнетақыларын ресімдеу үшін Мемлекеттік корпорацияға (тұрғылықты жері бойынша ХҚКО) әлі өтініш бермеген.

Талап етілмеген зейнетақы жинақтарының жай-күйі қалай болмақ?

Зейнетақы жинақтарының есебін БЖЗҚ жүргізеді. Талап етілмеген зейнетақы жинақтары инвестициялануын жалғастырып, салымшылардың жеке зейнетақы шоттарында алушылар не олардың мұрагерлері (салымшы қайтыс болған жағдайда) талап еткенге дейін сақталады. Қосымша табыс алу мақсатында инвестициялаумен ҚР Ұлттық Банкі және инвестициялық портфельді жеке басқарушылар (ИПБ) айналысады.

Зейнеткер жинағынан төлем ресімдеуге өтініш бермесе

Зейнеткерлік жасқа жетуіне байланысты зейнетақы жарналарының міндетті түрлері есебінен БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін тағайындау, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен базалық және ынтымақты зейнетақы тағайындау үшін алушылар тұрғылықты жері бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына (ХҚКО) жүгінуі қажет.

Шетелге тұрақты тұруға кеткен кезде

Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға кетуіне байланысты БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығын елден тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен, БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар және отандық заңнамаға сәйкес қажет құжаттарды ұсынған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар пайдалана алады.

Зейнетақы жинақтары бар адамның қайтыс болуына байланысты

БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, оның отбасы мүшелеріне республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген 94 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшері шегінде қайтыс болған адамның зейнетақы жинақтары қаражаты есебінен, бірақ қайтыс болған адамның ЖЗШ-да бар қаражатынан аспайтын мөлшерде жерлеуге біржолғы төлем жүргізіледі.

Сондай-ақ зейнетақы жинақтары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылады. Зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болғаннан кейін 6 ай ішінде оның мұрагерлері қайтыс болған адамның зейнетақы жинақтары түріндегі мұрагерлік мүлікті ресімдеу және мұрагерлік құқығы туралы куәлік алу үшін нотариусқа жүгінуге тиіс.

Егер өтініш беру мерзімі өтіп кетсе, мұрагерлік құқығын қалпына келтіру үшін сот органдарына жүгіну қажет.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу