Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев ел азаматтарының зейнетақы қорындағы қаражаты энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тілшілер "Баяндамаңызда алдағы 5 жыл ішінде коммуналдық желілерді жаңғыртуға шамамен 6,8 трлн теңге жұмсалатыны айтылды. Қаржыландыру көздері әр түрлі болады. Зейнетақы қорындағы ақша да тартылуы мүмкін бе? Қандай сомада?" деп сұрады журналист.
Қанат Бозымбаев қазір сома мөлшерін айта алмайтынын жеткізді.
"Бірақ та, әр көздерден тиісті қаражат тартылатын болады. Оның ішінде зейнетақы қоры да бар. Инфрақұрылым – кез келген қаражатты қайтарудың сенімді көздерінің бірі. Яғни, тәуекелі төмен актив. Сондықтан, ол мәселе де қарастырылады. Бірақ нақты сомасы бірінші жартыжылдықтан кейін белгілі болады. Өйткені, жобаға қатысып жатқан компаниялар өздерінің инвестициялық жобаларын әзірлейді, біз оларды мемлекеттік тексеруден өткіземіз. Сонда ғана цифрдың сомасы белгілі болады", – деді вице-премьер.