Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшылары жинақтарының бір бөлігін қашан ала алатындарын айтты.
Министр зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй, жер телімін, баспана сатып алуға және емделуге жұмсауға болатынын нақтылады.
"Біз норма 2021 жылдан бастап күшіне енеді деп жоспарлап отырмыз. Өйткені Президент бұл реформаға қатысты барлық нормативтік-құқықтық актілерді осы жылдың соңына дейін қабылдауды тапсырды", – деді Біржан Нұрымбетов.
Оның айтуынша, үкімет заңнамаға қажетті түзетулерді жыл соңына дейін қабылдайды.
"Заңнамаға түзету енгізіліп, үкіметтің тиісті қаулысы және министрліктің бұйрығы жыл соңына дейін қабылданады деп есептейміз. Осыған орай 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтарға мүмкіндікті пайдалануға тиісті жағдай жасаймыз деп ойлаймыз", – деді Біржан Нұрымбетов.
Қанат Махамбет