Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов республикалық бюджет шығысында әлеуметтік сала басымдыққа ие екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 94%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары – 96%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 92%-ға атқарылды.
"Республикалық бюджет бойынша сомасы 20,8 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді, мұнда әлеуметтік бағыттың басымдығы сақталып қалды. Мемлекет негізгі әлеуметтік міндеттемелер: зейнетақы мен жәрдемақыға – 5,2 трлн теңге; өңірлерге субвенцияларға – 4,8 трлн теңге; міндетті медициналық сақтандыру қорына 1,6 трлн теңге жұмсады. Жергілікті бюджеттердің шығыстары 13 трлн теңге болды", - деді вице-министр Үкімет отырысында.
Ержан Біржановтың дерегінше, жергілікті бюджет шығыстарының негізгі үлесі келесідегідей: әлеуметтік сала – 6,6 трлн теңге (51%); тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық – 1,9 трлн теңге (14,6%); көлік және коммуникация – 1,2 трлн теңге (9,3%); ауыл шаруашылығы – 750 млрд теңге (5,7%) бағытталған.