Парламент мәжілісі зейнетақы мен жәрдемақыны арттыру бойынша заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Заң жобасында зейнетақы заңнамасына бірқатар өзгерістер енгізу көзделген. Біріншіден, елбасының биылғы Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес, 2017-2018 жылдары бюджеттен төленетін зейнетақылар мөлшері үш кезеңде арттырылатын болады. Бірінші кезеңде, яғни 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақылар мөлшері – 9 пайызға, базалық зейнетақы 7 пайызға артты. Ал, екінші кезеңде, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап ынтымақты зейнетақы мөлшері – 11 пайызға, базалық зейнетақы мөлшері 13 пайызға көбейтілгелі отыр. Нәтижесінде, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап зейнетақы мөлшерлері 2016 жылғы зейнетақы мөлшерімен салыстырғанда 20 пайызға артады. Яғни, ең төменгі зейнетақы 45 711 теңгеге дейін, орташа зейнетақы 66 676 теңгеге дейін артатын болады", – деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.