"Биыл екі миллион қазақстандық 20 пайызға өскен зейнетақы алған. Ал келесі жылдан бастап, 460 мың мүгедек үшін жәрдемақы 16%-ға өседі. Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шегушілер, сотталып келгендер, белгілі бір тұрғылықты мекен-жайы жоқ адамдарды жұмыспен қамтып, қажеттілігінше кәсіпке үйрететін жұмыс жүргізілетін болады деп хабарлайды ortcom.kz
Халықты әлеуметтік қорғау жағдайы мен Үкіметтің әлеуметтік саладағы жоспарлары туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-конференциясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді.
Министрлік 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап енгізілетін базалық зейнетақыны тағайындаудың жаңа тәсілін түсіндіруде белсенді жұмыс атқаруда.
"2017 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы мөлшері 14 466 теңгені, ең төменгі зейнетақы 31 245 теңгені құрап, бүгінде базалық зейнетақы алушылар саны 2 116 609 адамды, ынтымақты зейнетақыны алушылар қатары 2 099 638 адамды межеледі. Қазіргі уақытта зейнетақы зейнет жасына жеткендерге бәріне бірдей еңбек өтілін және зейнетақы жинағын қалыптастыруға қатысуды ескерусіз тағайындалады. Келесі жылдан зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне қарай берілетіні көзделуде. Осы орайда 1988 жылдан кейінгі жинақтаушы зейнетақы жүйесіне зейнетақы аударымдарының түсу аралығы ғана есептілініп қоймай, 1998 жылға дейінгі де еңбек өтілі назарға алынатыны болжануда",- деді вице-министр.
Яғни, 1998 жылға дейінгі 33 жылдан асатын өтілі бар тұлғаларға немесе 1998 жылдан кейінгі өтілін ескере отырып, базалық зейнетақы ағымдағы көлемімен салыстырғанда екі есеге көбейеді. Егер бұл сома қазір 12 мың теңгені көрсетсе, 2018 жылдың 1 шілдесінен зейнеткерлердің аталған тобы ынтымақты және жинақтаушы зейнетақыға қоса, 28 мың теңгені иемденетін болады.Егер жұмыскердің өзінің 1998 жылдан аударатын міндетті зейнетақы жарнасының сомасы, жұмыс берушілердің 2014 жылдан жасайтын жарнасы және ерікті зейнетақы аударымдарының сомасы зейнетақы аннуитетін сатып алуға жеткілікті болса (ер адамдарға - 7 098 035 теңге, әйелдерге – 9 890 035 теңге), онда ол азамат зейнетке 50 жасында шыға алады.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының дерегіне қарағанда, мұндай құқықты зиянды еңбек жағдайындағы 640 адам пайдаланған.